«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕРЕЖЕСІЗ ЖЕКПЕ-ЖЕК ШЕБЕРЛЕРІ

Ережесіз жекпе-жек туралы әңгіме бола қалса жұрттың аузына бірден UFC (Ultimate Fighting Championship) түседі. Бұл ұйымның бедел жағынан да, қаржыландыру тұрғысынан да әлемде көш бастап тұрғаны анық. Сондықтан да балта аяқты, балға жұдырықты жігіттер осы тұжырым туының астында төбелескенді қалайды.

Бұл спорттың негізін 1993 жылы АҚШ-та джиу-джитсу шебері Рорион Грейси мен Арт Дейви есімді бизнесмен қалаған. UFC 2006 жылдан бері телевизиялық сатылымда кәсіпқой боксқа бақталас болып келеді. Бұл спортқа кезінде АҚШ-тың әйгілі сенаторы Джон Маккейн қарсы шыққан, кейіннен қолдап, оң бағасын берген.
UFC-дің қазіргі басшысы – Дэйна Уайт. Бас кеңсесі – АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында орналасқан. Ережесіз деп аталғанымен өзге спорт сияқты өзіндік ережелері, қолдануға болмайтын іс-әрекеттері де бар. Мысалы, шаршы алаңда спортшылардың бір-бірін тістеуіне, көзден шұқуына, баспен соғуына, тырнауына, шаштан тартуына, желкеден, омыртқадан және кіндіктен төмен соққы жасауына тыйым салынған. Сайыс қарсыластардың берілуімен және жаттықтырушылардың тарапынан алаңға сүлгі лақтырумен тоқтатылады. Спортшылар чемпиондық белбеуге таласу кезінде бес минуттан тұратын бес раунд, титулды кездесулерде үш раунд жұдырықтасады.
Енді осы ережесіз жекпе-жектегі қаракөздерімізге тоқталайық. UFC туы астында алғаш жұдырықтасқан қазақ – қытайлық қандасымыз Жұмабек Тұрсын. Өкінішке қарай, ол алғашқы жекпе-жегінде Америка “файтері” Маркус Бримэджден жеңіліп қалған болатын. “Бірде бақ, бірде бап шабады” деген сөз бар ғой. UFC-дегі қадамдарым сәтсіз болды. Бірақ әлі өз мықтылығымды дәлелдеймін деген ойдамын. Жалпы соңғы кезде аралас жекпе-жек Қазақстанда қарқынды дамып келеді. Мықты балалар шығуда. Алла қаласа, бір-екі жылда сол UFC-де қазақ жігіттері жүреді”, – депті қандасымыз екі жыл бұрын берген сұхбатында.
Әлемнің мықтыларымен төбелесуге мүмкіндік алған екінші қазақ та Қазақстанда тұрмайды. Ресейлік қандасымыз UFC алаңында үш рет жұдырықтасып, бәрінде жеңіске жетті. Соңғы рет ол Қытайдың Шэньчжэнь қаласында бразилиялық Тиаго Мойзеспен кездескен. Жекпе-жек үш раундқа созылып, төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен қандасымыз жеңіске жетті. “Маған Ресей мен туып өскен жерім – Орынбор халқы жанкүйер. Сондай-ақ, Қазақстанда да жанкүйерлерім көп. Мен тарихтағы UFC-да жеңіске жеткен тұңғыш қазақпын. Қандастарымның қолдауына ризамын”, – деген екен Дамир.
UFC-дегі алғашқы қазақстандықтың есімі – Шавкат Рахмонов. Беделді ұйым аясында төрт жекпе-жек өткізу жөнінде келісімшарт жасасқанымен әлі сегізбұрышқа шыққан емес. Жақында оның дебюттік жекпе-жегі өтетін күн мен қарсыласы белгілі болды. Шавкат Рахмонов 21 наурыз күні Лондон қаласында өтетін UFC Fight Night 171 турнирінде Бартож Фабинскиймен жұдырықтасады. 33 жастағы поляк спорттық мансабында 17 жекпе-жек өткізіп, тек үшеуінде ғана жеңілген. Фабинский соңғы рет 2018 жылдың 17 қарашасында жекпе-жек өткізген екен. “Әрине, мұндай ұйыммен келісімшартқа отырғаныма қуаныштымын. UFC-ге түскен алғашқы қазақстандық спортшы атандым. Енді өз жеңістеріммен жанкүйерлерді қуантсам деймін. Осы белеске шығу үшін алты жыл тынбай тер төктім”, – деген Шавкат сөзінде тұрып, тілеулестеріне жеңіс сыйлайды деген ойдамыз.
Кіл мықтылардың басын қосқан әлемдік ұйыммен жақында қазақтың тағы бір ұлы келісімшартқа отырды. Жүректі жігіттердің бірі Жалғас Жұмағұлов ендігі жерде әлемнің атақты спортшыларымен айқасқа түседі. Бұл күнді жанкүйерлер де, спортшының өзі де ұзақ күткені анық. Журналистермен жүздескен Жалғас алдағы жоспарларымен бөлісті. Жерлесіміз UFC-мен 1 жылдық келісімге келген. Яғни, бір жылдың ішінде 4 жекпе-жек өткізуі тиіс. Алғашқы кездесуін шілде айында Нұр-Сұлтан қаласында өткізуі де мүмкін. “Көңіл күйім керемет. Өйткені, мен көздеген мақсатымның біріне қол жеткіздім. Ендігі арманым – қазақ ұлдарының қайсарлығын UFC-де дәлел­десем деймін. Жеңістің оңайшылықпен келмейтінін білемін. Ол үшін аянбай тер төгуге бармын”,– деді Жалғас.
Ұлты қазақ болмаса да, әрбір жекпе-жегіне қазақтың шапанын киіп шығатын отандасымыз Сер­гей Морозов та UFC-мен келісім-шарт жасауға әзір. Қазіргі таңда екіжақты келіссөздер жүргізіліп жатқанын спортшының өзі хабарлады. “Құрметті достарым, интернетте мен UFC-мен келісім-шартқа отырды деген ақпарат тарады. Бұл шындыққа жанаспайды. Қазір менің командам келіссөздер жүргізуде. Жақын күндері ісіміз нәтижелі аяқталар деп ойлаймын. Сол кезде бірінші болып өзім сүйінші сұраймын”, – деп жазды ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.

 

Қанат АТАМАНОВ, “Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp