«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАЛАНЫҢ АМАНДЫҒЫНА КӨҢІЛ АЛАҢ

“Бала – бауыр етің” болғандықтан, оның үйдегі де, түздегі де қауіпсіздігі ата-ана үшін маңызды. Әсіресе, түрлі сұмдықтар болып жатқан мына заманда балабақша жасындағы бүлдіршін түгіл, жоғары сыныпта оқитындарды көл қорыған қызғыштай мектебіне бір ізбен апарып, бір ізбен әкелуіміз де осының айғағы.

Өткен жылы Жамбыл облысындағы мектептердің бірінде орын алған келеңсіз оқиғадан кейін ғана ел бойынша білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздікке баса назар аударыла бастады. Осы жайт балалардың қауіпсіздігі жылдар бойы назардан тыс қалып келгенін көрсетеді. Жыл сайын өзгеретін бағдарлама мен оқулықты түсінеміз деп жүргенде, көп уақытын мектепте өткізетін оқушыны аман-есен ата-анасының қолына табыстау білім ордасы ұжымының мойнына жүктелген міндет екені ұмыт қалыпты. Осы орайда өңір мектептеріндегі қауіпсіздік шаралары қандай деңгейде деген заңды сұрақ туындайды.
Облыстық білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, бүгінгі таңда өңіріміздегі 475 мектептің барлығында “жедел әрекет ету” батырмасы орнатылыпты. Ал облыс орталығындағы мектептер мен балабақшаларға кіруді қадағалау жүйесін орнату бойынша жұмыстар жүзеге асырылуда. Мәселен, қаладағы 11 мектеп пен “Алтын бесік” балабақшасында ата-анаға баланың білім мекемесіне кіріп-шыққаны жайлы хабарлама жіберіліп отыратын өткізу жүйесі орнатылған. Облыстық білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімованың айтуына қарағанда, мектептерді сыртқы және ішкі бақылау қондырғыларымен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен 258,9 млн.теңге бөлінген. Барлық мектептерге орнатылатын бейнебақылау камераларын облыстық полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосу жоспарланып отыр.
Өңіріміздегі білім беру ұйымдарының дені шағын жинақты мектептер екені белгілі. Жыл сайын болашағы жоқ деп танылған елді мекендердегі оқу орындары қысқарып, қаншама бала көрші ауылдарға қатынап оқуға мәжбүр. Мәселен, өткен оқу жылында 11 мектеп жабылыпты, сегіз білім ордасы қайта құрылды. Балаларды күздің қара суығы мен қаһарлы қыста көрші ауылға тасымалдайтын көліктердің тозығы жеткенін де жасырып қажеті жоқ. Көп жылдан бері түйіні тарқатылмаған мәселе тек биыл ғана шешімін табатын сыңайлы. Үстіміздегі жылы көлік алу үшін 388 млн.теңге қаржы бөлініпті. Ал бұл қаржының қалай игерілетінін уақыт көрсетер.
Біздің елде түйінді мәселеге “болары болып, бояуы сіңген кезде” ғана назар аударылатынына етіміз үйренгені соншалық, мұны қалыпты жағдайдай қабылдаймыз. Бір бала зорлық көргеннен кейін ғана мектептерді жылы дәретханамен қамтамасыз ету мәселесіне назар аударғанымыз өкінішті. Осыған дейін күре жолдың бойында жөні түзу дәретхана жоқ деп шулаған жұртшылық енді үлбіретіп өсіріп отырған балаларының амандығы үшін алаңдаулы. Өңіріміздегі мектептердің 434-і ауылда орналасқанын ескерсек, біздің оқушылар үшін жылы дәретхана аса қажет. Бүгінгі таңда бұл талап Мағжан Жұмабаев, Тайынша және Жамбыл аудандарында мүлдем орындалмаған. Ал ғимаратта жылы дәретхана бола тұра, оқушылары даладағысына барып жүрген мектептер де баршылық. Іссапармен Ғабит Мүсірепов атындағы ауданға барғанда Ставрополка орта мектебінде жылы дәретхананы мұғалімдер ғана пайдаланатынын көрдік. Ал оқушылар даладағысына баруға мәжбүр. Мұндай жағдай көптеген ауылдарда кездеседі. Үкімет бақылауына алған бұл мәселе үстіміздегі жылдың 1 тамызына дейін шешілуі тиіс болғанымен, жергілікті жердегі жағдайды көрген кезде өзіміздіөзіміз алдап жүргенімізді түсінесің.
Бірнеше жылдан бері білім беру ұйымдарында мектеп инспекторлары жетіспейтіні де айтылып жүр. Бүгінгі таңда өңір мектептерінде инспектор тапшы. Облыстық полиция департаментінің ювеналдық полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция майоры Сайран Сәркеновтің айтуынша, қалалық жерлерде әр мектепке бір инспектор бекітіледі екен. Петропавл қаласындағы 46 мектептің тек екеуінде ғана инспектор жоқ. Ал ауылды жерлерде бір инспекторға 500 оқушы бекітіледі. Яғни, бір ауылда 50 оқушы болса, ол он білім беру ұйымына жауапты дегенді білдіреді. Бір күнде бәрін аралап шығу мүмкін бе? Бұл да түйіні тарқатылмаған мәселе. Себебі, штат бойынша өңір мектептеріне тек 97 мектеп инспекторы ғана қарастырылған. Ал мектептер саны 475 екенін жоғарыда жаздық. Мысалы, облыс орталығының іргесінде тұрған Қызылжар ауданындағы 43 мектептің оқушысымен жұмыс істеу үш инспекторға ғана міндеттелген. Мектепте құқық бұзушылықтың алдын алу, “қиын” балаларды есепке қою, олармен жұмыс жүргiзу, қылмысты болдырмау сынды міндеттерді атқаруы тиіс инспекторларға жеткілікті штат бөлінбеуі де оқушылардың қауіпсіздігіне салғырттық танытып келгеніміздің тағы бір көрінісі.
Бұрын мектептегі қауіпсіздік жайлы әңгіме қозғалғанда өрттен сақтану, не болмаса асханадағы санитарлық талаптардың орындалуына ғана мән берілетін. Ал әр бұрышта қылтиып тұратын бейнебақылау камералары сән емес, сақтық үшін қойылғанын, есік алдында отыратын күзетші апайдың міндеті оқушыларға “әй, жүгірме” деп ескерту жасау емес, бейтаныс адамды ғимаратқа кіргізбеу екенін енді біліп жатқандаймыз ба, қалай?!

 

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА, “Soltústіk Qazaqstan”.
Коллажды жасаған  Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp