Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы-драматург Дулат Исабековтің 1980 жылдары жазған прозалық шығармалары әлі де қолдан түспей, оқылады. Соның бірі – “Қарғын” романы.
Шығарманы жас деңгейіне қарай оқырман әрқалай қабылдайды. Бағиланың қатарлас құрбылары оны түсінбей, кешірмей, айыптап жатса, жасы ұлғайған оқырман романдағы әр кейіпкердің тағдырына түсіністікпен қарауға дайын. Осы орайда “Қарғынның” әр кейіпкеріне жеке-жеке тоқталғым келеді.
Романның құндылығы – адамның ішкі жан дүниесінде болып жатқан арпалыс. Мысалы, Жасын – білімді, көзі ашық, дүниеге, қоғамға деген көзқарасы басқалардан мүлдем бөлек, сол ортада өзін жалғыз сезінетін кейіпкер. Жасын арқылы автор әрбір адамның өмір сүретін қоғамда алатын орны бар екенін көрсете отырып, оның арпалысын сыртқа шығартпай, өз-өзіне жеңдіртеді. Себебі, адамның қиялы мен сезімінде шек жоқ. Ал қоғамда қатаң тәртіптің бұзылуына жол бермейтін шектеу бар. Егер шектеу болмай, әр адам ойына келгенін істесе, қоғамда тепе-теңдік бұзылар еді.
Сэр – бұл тек күнделікті өмірдегі күйбің тірлікті, ондағы болып жататын келеңсіз жағдайларды көрсету үшін алынған кейіпкер. Қаратайдың іс-әрекеті адам баласының тым ұсақталып барып, қайта көтерілуіне ешқашан кеш болмайтынын, кез келген қоғам адамды жеңетінін ұғындырады. Лике – нағыз реалистік кейіпкер, ол біледі, түсінеді, сондықтан іштей арпалысқа түспей, одан шығу жолдарын іздейді.
Роман сол кезеңдегі кейіпкерлердің басынан өткерген оқиғалары, олардың арасында болып жатқан қарым-қатынастардың бүгінгі күнде де адамдар арасында орын алуымен де тартымды. Мәселен, адамдардың бір-біріне жағу және жағыну үшін жағымпаздануы Сәргел мен Тұрғаттың бойларынан ерекше байқалады. Олар атақ пен абырой үшін көп дүниені құрбан етуге бар. Сондай-ақ, Сәргелдің ізденбей, зерттемей диссертациясын қорғап, ғылым докторы болуы оқырманға ой салар. Мұны мысал ретінде айтып отырған себебім, қазіргі уақытта да дипломдық, диссертациялық жұмыстарды сатып алып, не біреуге жаздырып, ғалым боп жүрген адамдар аз емес.
Жалпы романда адамның қоғам, отбасы, ата-ана алдындағы міндеттері бар екені және соны орындау үшін талай нәрседен бас тартуға тура келетіні туралы жазылған. Бұл – қазіргі жастар түсінуі керек дүние. Себебі, жастардың бойындағы өзімшілдік осы бір құндылықты жұтата ма деген алаңдаушылық басым. Жазушы осы мінездің, күйзелістің, сезімнің бәрін психологиялық дәлдікпен шебер ашқан. Жазушының адам жанының бір қалтарысында қалар, ешқашан ешкімге дауыстап айтылмас кейбір сырларды жайып салуы оқырман сенімін арттырады.
Дәрежан МЫРЗАХМЕТОВА,
М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дің студенті.