«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АРМАНЫ АСҚАҚ

Абай атамыздың шығармаларынан нәр алып, ұлы ақын, кемеңгер тұлғаның өсиетін санасына сі-ңірген жастарды көргенде арнасынан төгілген өзендей іңкәр көңіл асып-тасиды. Әсіресе, өнер-білімге құштар, алғыр, ізденімпаз ұл-қыздардың табандылығы мен өзіне деген сенімі қайран қалдырады. Сондай алғыр жанның бірі – Ермек Жумин. 

Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов сынды қазақ сөз өнерінің қос бәйтерегін құндақтаған ауданда дүниеге келген Ермек бүгінде Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары колледжде білім алуда. Жастайынан өнерге құмартып өскен ол ақындықтың ауылынан да алыс кете қойған жоқ. Байқаулардан қоржыны бос қайтпаған өнерлі ұлдың әр жетістігі ұстаздарының мерейін тасытуда. Алдымен аудандық, облыстық байқауларда бақ сынаған өнерпаз бүгінде республикалық додаларда жақсы жетістіктерге қол жеткізуде. Ол Абай, Мағжан оқуларының тұрақты қатысушысы әрі жүлдегері. Соның арқасында жас ақын сахнаға төселді. Сабақтан тыс уақытта Ерік Асқаров атындағы облыстық ақындар мектебінде тәлім алады. 
Ермек Жумин ақындық тәңірдің тартуы екенін айтып, Абай атамыздың қарасөздері мен өлеңдерінен қуат алатынын жеткізді. Сүйікті ақынға шығарған арнаулары аз емес. Арманы асқақ бозбала жыр жинағын шығаруды алдына мақсат еткен. 
  – Ұлы ойшылдың өлеңдерін сүйсініп оқимын. Абай атамыздың өлеңдері адамға рух, күш береді.  Қазіргі заманда жастар осындай тұлғалардың шығармаларын оқып, оларды ұлықтағаны жөн. “Болмасаң да, ұқсап бақ” демекші, Абай Құнанбаев сияқты өнердің биік шыңынан көрінгім келеді, – деді ол.
“Талаптыға нұр жауар” демекші, өнерден бөлек қоғамдық жұмыстардан да қалмайтын жас өреннің оқу үлгерімі де жақсы. Осындай талапты да талантты, жігерлі жастардың болашағынан зор үміт күтуге болады. 
 
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА, 
“Soltústik Qazaqstan”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ. 
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp