Өткен жылдың соңында Аққайың ауданындағы Ленин ауылының маңындағы орманнан қыз бен жігіттің мүрдесі табылған болатын. Кейін анықталғанындай, Көкшетау қаласындағы колледждің 16 жасар студенті мен Талшық ауылының 23 жастағы тұрғыны өздеріне қол жұмсаған. Оқиға орнынан екеуінің өлер алдында туыс-туғандарына арнап жазған хаты табылды.

Бұл – жастар арасындағы суицидтің бір ғана мысалы. Өкінішке қарай мұндай жағдайлар елімізде, тіпті, өңірімізде де жиі орын алуда. Қазақстан халқы суицид жасауға бейім елдердің алғашқы ондығына кіреді. Ресми мәліметтерге сүйенсек, өткен жылы Қазақстанда 3,8 мың суицид тіркелген. Бұл 2018 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 7,4 пайызға артық. Одан да сорақысы – облысымыз бұл тізімнің көшін бастаған өңірлердің бірі. Ата Заңымызда адам өмірі елдің ең қымбат қазынасы делінсе де, халқымыз неге өмірден кетуге асығады?
“Балалар, көбінесе, ата-анасымен немесе достарымен дұрыс қарым-қатынас орната алмайды. Ал басқа мәселелердің барлығы осыдан туындайды. Ата-ана болса баласына сөз тыңдата алмай әлек. Олардың ең үлкен қателігі – балалармен ашық сөйлеспеуінде”, – дейді облыс орталығындағы мектептердің бірінде балалармен және жасөспірімдермен жұмыс істейтін психолог маман Айман Әлімова. Яғни, көп жағдайда балалар өздерін толғандырған немесе алаңдатқан жайды ата-анасына айтудан тартынады.
“Мир без границ” қоғамдық бірлестігі психолог мамандардың біліктілігін арттырып, осындай қасіреттің алдын алуға септігін тигізуде. “Мұндай жағдайда балалар терең ойға шомып жүреді. Олар достарымен, туыс-туғандарымен қоштаспақ болып, ренжіткен адамдардан кешірім сұрайды. Белгілері сан алуан. Оларды уақтылы анықтап, дұрыс психологиялық сараптама жүргізу керек”, – дейді қоғамдық бірлестіктің директоры Серікжан Исенов.
Бұл мәселені зерттеуге ондаған жылын жұмсаған суицидолог Любовь Трошинаның айтатыны да, ең бастысы, баланың мінез-құлқындағы өзгерісті уақтылы анықтау.
Облыс орталығында жаңадан салынып жатқан тұрғын үйлердің бірінде орын алған жан түршігерлік оқиға әлі күнге дейін ел аузында. Жиырма жастағы студент ғимараттың 13-ші қабатынан секіріп кеткен еді. Шымкент қаласының тумасы жергілікті университеттің медицина мамандығында оқып жүрген. Қызғалдақтай құлпырған қызды мұндай әрекетке не итермелегені белгісіз күйінде қалды.
Өзін-өзі өлтіру – жаһандық сипаттағы кесел. Жер бетінде әр қырық секунд сайын бір адам суицидке барады деген дерек бар. Сол сәтте тағы кемінде он адам өзін-өзі өлтіруге талпыныс жасайды. Мұны аяқталмаған суицид дейді. Соңғы жылдары өлім аузынан аман қалғандардың оқиғалары естеріңізде болар. Биік жардан құламақ болған 21 жастағы бойжеткенді полиция қызметкері құтқарып қалды. Кешкі ауысымнан үйіне қайтып бара жатқан полиция сержанты Денис Комаров Есіл өзенінің жағалауындағы жардың шетінде төменге құламақ болып тұрған бойжеткенді байқаған. Тәртіп сақшысы көп ойланбастан тайғақ жарға түсіп, бойжеткенді сөзге айналдырып, бір сәтте білегінен шап берген. Көпқабатты үйдің шатырынан секіріп кетпекші болған 29 жастағы петропавлдық жігіт те құтқарушылардың көмегімен аман қалды.
Бұл күрделі мәселемен күресудің амалын іздеп, тығырыққа тірелген бүлдіршіндерді құтқарудың жолын қарастыру маңызды. Осы орайда, тәртіп сақшылары, прокуратура органдары, басқа да ұйымдар білім ордаларымен бірлесіп біраз шараларды қолға алды.
Суицидтің алдын алуға басқа елдерде де үлкен мән беріледі. Мәселен, Гонконгта мектеп бағдарламасына “Өмір сүруге үйрету” пәні енгізілген. Пәннің басты мақсаты – жеткіншекке қоғам мен отбасындағы орнын таныту және өмірдің маңыздылығын көрсету арқылы оларды әлеуметтену сатыларынан тиімді әрі қиындықсыз өтуге баулу. Қазақстанда бұл міндет “Өзін-өзі тану” пәнінің мұғалімдеріне жүктеледі. Дегенмен, заман талабына сәйкес жасөспірімдердің қажеттіліктері мен мәселелерін ескеріп, бұл пәннің аясын кеңейткен жөн болар еді.
Тәжірибе көрсетіп отырғанындай, жасөспірімдер мен жастарды суицидке отбасындағы жағдай, ұрыс-керіс, ата-анасының ажырасуы, баянсыз махаббат, сыныптастарымен немесе достарымен қарым-қатынастағы қиындықтар итермелейді. Сондықтан суицидтің алдын алу үшін бірінші кезекте күнделікті жақын адамдарымызға жылы шырай танытып, әр мінез-құлқы мен іс-әрекетіне назар аударып, ішкі жан дүниесін түсінуге тырысуымыз керек. Осы арқылы ғана жақсы жағынан ықпал етіп, үлкен нәтижеге жетеріміз хақ. Балалардың, жасөспірімдер мен жастардың естілмей қалған жанайқайына уақтылы құлақ түру арқылы оларды бұл қадамнан сақтап қалуға болады.
Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,
“Soltústik Qazaqstan”.