«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАҚЫТТЫҢ ҚҰШАҒЫНДА

Көпшілік әскери форма киген әйел адамды алғаш көрген кезде оны қатал адам деп қабылдап жатады. Алайда, жақынырақ аралассаң, олардың жүрегінің жұмсақ, жанының нәзік екеніне көз жеткізесің. Біздің ведомствода үлгілі тәртібімен, жұмысқа деген жауапкершілігімен көзге түсіп қана қоймай көпбалалы аналар қатарын толықтырып жүрген нәзік жандар аз емес. Солардың бірі – полиция капитаны Әдемау Меңдібаева.

Әдемау Рыспекқызы қаламыздағы №10 мектепте кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспектор қызметін атқарады. Білім ордасындағы әр баланың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндетті маман жасөспірімдер арасында бола­тын қылмыстың алдын алу, түрлі келеңсіздіктерді болдырмау міндетін жүзеге асырады. Бұған қоса құқықтық тәрбие беру де нәзік жанға жүктелген.
Отағасы Сайран да ішкі істер органдарында қызмет атқарады. Зайыбы екеуі уақыттарының көбін жұмыста өткізсе де, ұл-қыздарына тәлімді тәрбие беріп, түрлі жарыстарға қатыстырады. Бұған қабырғаға ілінген бірнеше медальдар мен сөрелердегі дипломдар дәлел. Мәселен, балаларының үлкені Саида 5 жасынан спорттық бимен айналысады. Жеті жыл ішінде ол талай республикалық және облыстық турнирлерде жүлделі орындардан көрінді. Әпкесінің ізін жалғастырушы Ерханның да алғашқы қадамы жаман емес. Болашағынан зор үміт күттіретін балғын төрт жылдың ішінде бірнеше додада өнер көрсетіп үлгерді. Ал Аружан – ата-анасының қолқанаты. Қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы жайлы көп білуге тырысады. Оңы мен солын әлі тани қоймаған Дәрия мен Әдия үйдегілерді тәтті қылықтарымен баурап алады.
Әдемау Рыспекқызы түнгі кезекшілікке аттанғанда үлкен қызы өзінен кіші іні-сіңлілеріне қарайласып, сабақтарын дайындауға көмектеседі. Сүйсінтерлігі, бұл отбасында балалардың бәрі де тәртіпті. Жұмыстан шаршап келген ата-анасын мазаламауға, үй ішінде ұқыпты болуға тырысады.
“Әйел үшін ең бастысы – баланың амандығы. Балаларымның оқуда, спортта жетістіктерге жетіп жатқаны менің оларға деген махаббатымды еселей түседі. Қызмет бабында болғандықтан, бәріне үлгере алмаймын. Осындай кезде басшылық түсіністікпен қарайды. Шыны керек, кей кездері ісіміз өнбей, қатты қиналатын сәттеріміз де болады. Ондай кезде арқасүйер жарым, туған-туыстарым маған көмек қолын созады”, – дейді Әдемау Меңдібаева.


Динара САҒЫНДЫҚОВА,
облыстық полиция департаментінің ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің аға инспекторы.

СУРЕТТЕ: Ә.Меңдібаева балаларымен бірге.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp