
Қазақстанның кәсіпқой футбол лигасы ресми сайтында «COVID-19» коронавирус инфекциясының таралуына байланысты Қазақстан Чемпионатының ойындарына жанкүйерлердің қатысуына шектеу қою туралы шешім қабылданғанын хабарлады.
«2020 жылдың 14 наурызынан бастап Қазақстаннның кәсіпқой футбол лигасы аясында өтетін барлық ойындар көрерменсіз өтетін болады. Бұл шектеудің қашанға дейін созылатыны белгісіз. Алдын алу шараларының аяқталуы жөнінде қосымша хабарланады. Қазақстанның кәсіпқой футбол лигасы ел біріншілігінің ойындарын «ПФЛК-ТВ» жобасы арқылы тікелей эфирінде көрсетуін жалғастырады. Сондай-ақ, жанкүйерлер барлық ойындарды «YouTube» платформасындағы арнадан тамашалау мүмкіндігіне ие. Сонымен қатар, тікелей көрсетелімдер республикалық телеарналарда көрсетіледі. Футбол жанкүйерлерін қабылданған шешімге ерекше көңіл бөліп, өз командаларына телеарна және интернет арқылы қолдау көрсетуге шақырамыз», – делінген хабарламада.
Премьер лига ойындарының екінші туры екі күнге созылады. 14 наурыз күні (сенбі) «Ертіс» пен «Қызылжар», «Жетісу» мен «Тобыл», 15 наурыз (жексенбі) «Каспий» мен «Астана», «Шахтер» мен «Қайрат», «Тараз» бен «Ордабасы» және «Оқжетпес» пен «Қайсар» командалары кездеседі.
Сурет https://www.gazeta.ru/ сайтынан алынды.