«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖҰМЫСТЫ ШИРАТУДЫ ТАПСЫРДЫ

 

Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен әкімдіктің кезекті отырысында үстіміздегі жылдың қаңтар-ақпан айларындағы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы және бюджеттің шығыс-кіріс бөлігінің орындалу барысы қаралды.Негізгі мәселені қарамас бұрын өңір басшысы әлемді дүрліктірген коронавирустың алдын алу жайына тоқталды.

– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы “COVID-19” инфекциясының жаһандық сипат алғанын жариялады. Бұл індетті адамзаттың басына төнген ортақ қауіп ретінде қарастыруымыз керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке індеттің алдын алу шараларына байланысты нақты тапсырмалар берді. Барлық басшылар бұл бағытта бірлесе жұмыс істеулері керек. Солтүстікқазақстандықтарды тек ресми ақпарат көздеріне сенуге, алдын алу шараларын ұстануға шақырамын, – деді Құмар Іргебайұлы.
Адам көп жиналатын мерекелік және спорттық шаралар уақытша тоқтатылады. Конференциялар, семинарлар мен көрмелерді өткізуге тыйым салынды. Денсаулық сақтау, білім беру нысандары және көпшілік орындарда санитариялық-дезинфекциялық шаралар жүргізіледі.
Мектеп оқушыларының көктемгі демалысы 16 наурыз бен 5 сәуір аралығында өтетін болды. Әдетте ол кесте бойынша 21 наурызда басталуы тиіс еді. Бірақ демалыс уақыты эпидемиологиялық жағ­дайға байланысты өзгеріп отыр. Ал колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері қашықтықтан оқуға көшеді.
Облыстық экономика басқармасының басшысы Арсен Қазбеков облыстың үстіміздегі жылдың екі айындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштеріне тоқталып, жетістіктер мен кемшіліктерді атап көрсетті. Баяндамашының айтуынша, өңірдің дамуында оң үрдіс бар. Есепті кезеңде облыстың қысқамерзімді экономикалық индикаторы 102,6 пайызды құрады. Үстіміздегі жылдың өткен алты айында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі – 6,6 пайызға, тұрғын үйлерді пайдалануға беру – 7 пайызға, өнеркәсіп өндірісі – 6,1 пайызға, бөлшек сауда – 0,3 пайызға, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру – 2,6 пайызға, ал құрылыс жұмыстарының көлемі 5,2 пайызға артқан.
Әр салада өсіммен қатар кемшін тұстар да бар. Мәселен, Қызылжар ауданында аталмыш кезеңде жұмыртқа өндірісінің көрсеткіші 17,2 пайызға кеміген. Бұл өз кезегінде ауыл шаруашылығы саласы бойынша облыстық көрсеткіштің төмендеуіне әкелген. Бұған ауданда орналасқан “Бескөл құс фабрикасы” мен “Якорь құс фабрикасы” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінде тауықтарды алмастыру жұмыстарының бір уақытта жүргізілуі себеп болған. Жас тауықтар жұмыртқа бере бастағанда, яғни жаз басына қарай көрсеткіш түзеледі деп күтілуде.
– Біздің облысымызда бес құс фабрикасы бар, соның төртеуі Қызылжар ауданында орналасқан. Дегенмен, екі серіктестіктің бір мезгілде 23 млн. тауықты ауыстыруы алдағы уақытта дүкендердегі жұмыртқа бағасының өсуіне түрткі болуы мүмкін екендігі ескерілмеген. Жұмыстарды кезең-кезеңімен жүргізуге болар еді. Мен аудандық әкімдік пен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының жұмысында үйлесімділікті көріп отырған жоқпын. Алдағы уақытта осындай жайттарға жол берілмеуі керек, – деді облыс әкімі.
Уәлиханов пен Тайынша аудандарында да жағдай мәз емес. Аудан басшылары жыл басынан бері ауыл шаруашылығы көрсеткіштерін жақсарта алмауда. Құрылыс саласында атқарылған жұмыстың көлемі Петропавл қаласы мен сегіз ауданда артқанымен, Аққайың және Уәлиханов аудандарында бәсең. Жыл басынан бері Айыртау мен Қызылжар аудандарында сүт өндіру көлемі кеміп кеткен.
Соңғы жылдары машина жасау саласындағы түйінді мәселелер өңір экономикасының дамуына тұсау болып келген болатын. Биылдан бастап жағдай оңала бастады. “Петропавл ауыр машина жасау зауыты” АҚ-ның көрсеткіші 37 пайызға артса, “Мұнаймаш” АҚ-ы өндіріс көлемін 2,8 есе ұлғайтқан. Ал былтыр жұмысы тұралап қалған “ЗИКСТО” АҚ-ы 5,8 млрд. теңгенің тапсырысына қол жеткізген. Бұдан бөлек, зауыт басшылығы алдағы уақытта тағы 2 млрд. теңгенің тапсырысын күтуде.
Облыстық қаржы басқармасының басшысы Наталья Дышкант атап өткендей, жергілікті бюджет 9235,6 млн. теңгемен толыққан. Яғни, жоспар 155,9 пайызға асыра орындалды. Ал бюджеттің шығыс бөлігінде 426,5 млн. теңге үнемделген. Дегенмен, баяндамашы жергілікті бюджет қаржысының 358,7 миллион теңгесі игерілмегенін атап өтті. Белгілі болғандай, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы, білім, денсаулық сақтау басқармалары бюджет қаржысын игеруде сылбырлық танытқан.
Өткен екі айдың қорытындысы бойынша әр салаға жеке-жеке тоқталып өткен Құмар Ақсақалов кейбір аудан басшыларына жұмысты ширатуды тапсырды. Сондай-ақ, қатысушыларға үстіміздегі жылдың екі айындағы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы оң серпінді жыл аяғына дейін сақтау қажеттігін ескертті.

 

Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”. 

Сурет http://dailynews.kz/ сайтынан алынды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp