
Орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалында облыс әкімінің орынбасары Дәурен Жандарбектің қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында әлемді алаңдатқан дерттің алдын алу мақсатындағы жұмыстар баяндалды.
Еліміз бойынша биылғы 16 наурыздан бастап мектеп оқушылары карантинге жіберілсе, колледж бен жоғары оқу орындары қашықтықтан оқытылуда. Ал балабақшалар штаттық режімде жұмыс істегендерімен, ата-аналарға жарияланған карантин уақытында бүлдіршіндерді үйде ұстауға ақыл-кеңес берілуде. Шекараға төрт қадағалау санитарлық қосыны орнатылып, қауіпті індет жайлаған елде болған екі шетелдік кері қайтарылыпты. Қоғамды алаңдатып отырған медициналық масканың тапшылығы да сөз болды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Сұлтанғазиевтің айтуынша, бірер күнде өңір тұрғындары үшін 24 мыңға жуық медициналық маска жеткізіледі. Ал денсаулық сақтау ұйымдардың қызметкерлері қажетті бұйымдармен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар тек ресми ақпаратқа сенуді сұраған облыс әкімінің орынбасары Дәурен Жандарбектің айтуынша, алда-жалда өңірімізде қауіпті індетке шалдыққандар тіркелсе, бұл жайында қоғам бірден хабардар болады. Себебі, шындықты жасырғаннан гөрі уақытында дертке шалдыққан адамның кімдермен араласқанын анықтап, алдын алу шараларын жүргізген тиімді.