
Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен шұғыл әрекет ету штабының кеңесі өтті. Жиында коронавирустың алдын алу және оның таралуына жол бермеу мақсатында қабылданып жатқан шаралар туралы баяндалды.
Жаһандық кеселдің алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Сұлтанғазиев айтып берді.
Қазіргі уақытта облыста жағдай тұрақты. Қауіпті вирусты жұқтырған адам тіркелген жоқ. Біздің басқарма мамандары жергілікті емдеу мекемелерінің дайындығын ерекше назарға алды.
Ауру анықталған жағдайда, сырқаттар үшін екі жүзге жуық орын дайындалды. Сондай-ақ, тағы жүзден астам қосымша орын қарастырылатын болады. Шетелден келген жиырмаға жуық азамат бақылауға алынып, сараптама жасалды. Біздің мамандар Нұр-Сұлтан қаласында коронавирус инфекциясы бойынша білімдерін жетілдірді, – деді Тимур Сұлтанғазиев.
Өңірімізде бірінші санатқа жататын елдерден оралған 13 адам, ал екінші санат бойынша 48 адам дәрігерлердің бақылауына алынған. Баяндамашының айтуынша, үй карантині азамат шетелден жолға шыққан күнінен немесе инфекция жұқтырған адаммен байланыста болған сәттен бастап екі аптаға созылады. Ақ халаттылар соңғы тәулікте Германиядан өңірге келген үш адамды тексерді. Дегенмен, түрлі себептермен, тексерістен өтпеген азаматтар да баршылық. Қазір облыс орталығында ғана емес, өңір аудандарында да бақылау күшейтілген.
Бұдан кейін облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау департаментінің басшысы Серікбай Қасмақасов пен облыстық білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова өздері жетекшілік ететін салалар бойынша есеп берді.
Кеңесті қорытындылаған Құмар Ақсақалов жауапты басшыларға мекемелер мен ұйымдарда санитариялық-эпидемиялық шаралар өткізу, дәріханалар желісін дәрі-дәрмектермен және жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз ету бойынша шараларды күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ, жергілікті атқарушы орган басшыларын жекелеген тауарларға сұраныстың артуына байланысты дүрбелең тудырмай, алыпқашпа сөздің алдын алу үшін ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуге шақырды.
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.