
Мағжан Жұмабаев ауданының үш тұрғыны 30 жыл бойы құжатсыз жүрген. Олар “Жолда қабылдау” акциясы кезінде алғаш рет құжаттарын алды. Апалы-сіңлілі Нұғұмановалар Ресейдің Омбы облысында дүниеге келіпті. Олардың ең үлкені 6 жаста болғанда 1990 жылы Қазақстанға ата-аналарымен бірге қоныс аударған. Ауылды жерде тұрып келген ағайынды қыздар құжаттардың келешекте қажет болатындығына мән бермепті. “Жолда қабылдау” акциясы барысында облыстық полиция департаментінің бастығына жүгінген олардың мәселесі оң шешімін тапты.
Кейін белгілі болғандай, бұған туу туралы куәліктерінің жоғалуы, Ресей тарапынан тиісті жауаптың келмеуі себеп болыпты. Облыстық көші-қон қызметі басқармасының қызметкерлері Ресейдегі Қазақстан елшілігі мен адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюромен байланысқа шығып, қыруар жұмыс атқарды. “Біздің мәселеміздің шешімін табуға үлкен көмек көрсеткені үшін полиция қызметкерлеріне алғысымызды айтамыз”, – деді Дариха Сахаутдинова.
Полицейлер “Жолда қабылдау” акциясын заманауи форматта өткізген жөн деп санайды. “Бүгінгі таңда әлеуметтік желілер халықты ақпараттандырудың тиімді құралы болып табылады, – дейді облыстық көші-қон қызметі басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Талғат Әбілов. – Біз әлеуметтік желілерді пайдаланып, азаматтардан өздерінің, қарт туыстарының құжаттарын ретке келтірулерін сұраймыз.
Аталмыш акция кезінде көші-қон қызметіне қатысты сұрақтар жиі қойылады. Осындай мәселе акцияның екінші күнінде де облыстық полиция департаментінің әлеуметтік желілерде өткен тікелей эфирлерінде көтерілді. Тәртіп сақшылары 150-ден астам сұраққа жауап берді.
Игорь МЕРЦАЛОВ,
облыстық полиция департаменті ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің жетекші маманы.