
Қазақстандықтар коронавирус туралы сұрақтарын мобильді қосымша арқылы жолдай алады.
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың қазақстандықтар коронавирусты жұқтырғаны расталған жағдайлары туралы мәлімдемесінен кейін халық арасында алаңдаушылық айтарлықтай өсті. Бұрын Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Бірыңғай байланыс орталығына күніне шамамен 1500-2000 қоңырау келіп түсетін болса, ал қазір олардың саны 3 есе артты — күніне 6 мыңға дейін. 1406 байланыс орталығының операторлары халыққа денсаулығын нығайту және өзінің ағзасын қорғау, күдікті симптомдар байқалғанда әрекет жасау бойынша кеңес беру дайындығынан өтті.
«Байланыс орталығы қажетті алдын-алу шаралары және вирустан қорғану бойынша кеңес беру үшін жұмыс істейді. Операторлар сонымен бірге сырқаттанып қалған кезде қайда бару керектігін, қандай симптомдарға назар аудару керектігін, қайда талдауларды (анализдерді) тапсыруға болатындығын түсіндіреді. Үкімет пен уәкілетті органдар қабылдап жатқан шаралар халықты қорғауға бағытталған. Алайда, қоғамдық орындарға бару денсаулыққа қауіп төндіретінін саналы азаматтар түсінуі керек», – дейді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының баспасөз қызметі.
Естеріңізге сала кетейік, өз сұрақтарыңызды 1406 операторларына Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы арқылы да жолдауыңызға болады. Жолданымға тіркеу нөмірі беріледі, содан кейін сіз өзіңіздің жеке кабинетіңізде оның мәртебесін тексере аласыз.
www.inform.kz