
Көктем келісімен су қоймаларындағы, тоғандардағы мұз барынша жұқарады. Осыған байланысты табиғатты қорғау полициясы мен төтенше жағдай қызметкерлері балық аулауға шығатындарға қауіпсіздік шараларын сақтауды ескертеді.
Қыста алаңсыз балық аулаған орындар бүгінгі күні үлкен қауіп тудырады. Балықшылардың керек-жарақтары ауыр, сәйкесінше мұзға салмақ түсіреді. Әсіресе, техникамен мұздың үстіне шығу аса қауіпті. Өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін көктем мезгілінде балық аулауға шығуды шектеу қажет, автокөлікпен мұз бетіне бармаған жөн. Облыстық полиция департаменті табиғатты қорғау полициясы тобының аға инспекторы, полиция капитаны Асхат Қожабаевтың айтуынша, барлық қалалық, аудандық бөліністерге тоғандарда балық аулау кезінде қауіпсіздік шараларын барынша сақтау қажеттілігі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу жөнінде нұсқау жолданды.
Төтенше жағдайлар және балық аулау инспекциясы қызметкерлері өзен-көлдерде қауіпсіздік шараларын, балық аулау ережелерін сақтау, сондай-ақ, масаң күйдегі қайғылы оқиғаларды болдырмау мақсатында бақылауды жүзеге асыру үшін бірлескен топтар құрды.
– Уақытты үнемдеймін деп жұқа мұздың үстімен жүріп және көктем кезінде сүйікті ісі балық аулаумен айналысып, өз өміріне қауіп төндірмеген жөн. Қауіпсіздік ережелерін міндетті түрде сақтауға шақырамыз, – дейді табиғатты қорғау полициясының қызметкері Асхат Қожабаев.
Ерлан МАХМЕТОВ,
облыстық полиция департаменті ішкі және сыртқы коммуникациялар
бөлімінің бас маманы.
Сурет https://kazlenta.kz/ сайтынан алынды.