
Сәуірдің 1-іне қараған түннен бастап Петропавл қаласында уақытша сипаттағы карантиндік шектеу шаралары енгізіледі. Осы жағдайға байланысты сақтық шаралары күшейтіліп, сауда-саттық нысандарының жұмысына қатаң талаптар қойылатын болады. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалында өткен баспасөз мәслихаты барысында айтылды.
Қала әкімінің орынбасары Асқар Хабибулиннің айтуынша, сәуір айының басынан бастап барлық көлік құралдары мен азаматтардың облыс орталығына кіріп-шығуына тыйым салынады. Адамдар жаппай жиналатын нысандар мен балабақшалар өз қызметтерін тоқтатады. Бұдан бөлек, тұрғындардың қала ішінде жүріп-тұруына, қоғамдық көліктердің жұмысына бірқатар шектеулер енгізіледі.
Ал дезинфекциялық шаралар тіптен күшейтілмек. Қала көшелерінде, жаяу жүргіншілер жолдарында, қоғамдық көліктер мен аялдамаларда жаппай зарарсыздандыру жұмыстары жүргізіледі. Бұл жұмыстарға коммуналдық қызметтерден бөлек, өзге кәсіпорындар да тартылатын болады.
Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Құралай Жарова сауда-саттық орындарының жұмысына енгізілген өзгерістер туралы баяндады.
– Петропавл қаласы да дүниежүзін есеңгіреткен қауіпті дерттің лебін сезініп отыр. Осы орайда азық-түлік дүкендері мен дəріханалардан басқа ірі сауда орталықтарының, саябақтар, монша кешендерінің жұмыстары тоқтайды. Сондай-ақ, санаторийлық-курорттық мекемелер, сұлулық салондары, шаштараздар, автомобиль, тұрмыстық заттар мен құрылыс базарлары, қоғамдық тамақтандыру орындары да тұтынушыларға қызмет көрсетуін доғарады. Ал дəріханалар жұмысын штаттық режімде жалғастырады. Əрине, бұл шаралардың барлығы тосын. Кей жағдайда азаматтардың құқықтары шектелетіні сөзсіз. Алайда, қазір індеттің таралуына жол бермеу үшін осындай қадамдарға баруға мәжбүрміз. Бүгінгі іс-қимылдардың барлығы петропавлдықтардың денсаулығын сақтауға бағытталған, – деді Құралай Амангелдіқызы. Медициналық маскасы жоқ тұтынушыларға қызмет көрсеткен супермаркеттер мен гипермаркеттердің басшылығы әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады. Барлық сауда орындары санитарлық және дезинфекциялық шараларды күшейтулері қажет. Баспасөз мәслихаты соңында баяндамашылар облыс тұрғындарын маңызды себепсіз үйлерінен шықпауға шақырды.