Елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты енгізілген шектеулерге орай облыстағы түзеу мекемелері жазасын өтеп жатқандарға туыстарымен “Skype” арқылы байланысуға мүмкіндік жасады.
Облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы Рустан Ахметжановтың айтуынша, шалыс басқандар бас бостандығынан айырылғанымен, туған-туысқандарымен, отбасы мүшелерімен хабарласып тұруға құқылы. “Сотталғандардың жақын адамдарымен хабарласып, көрісіп тұруы үшін екі айда бір рет екі сағаттық қысқа кездесу және екі тәулікке созылатын ұзақ кездесу беріледі. Хат жазып, телефон арқылы қоңырау шалуға рұқсат бар”, – дейді Рустан Ахметжанов.
Онлайн форматтағы жүздесулер “ЕС-164/1”, “ЕС-164/3”, “ЕС-164/6”, “ЕС-164/8”, “ЕС-164/9” түзеу мекемелерінде ұйымдастырылды. Қазіргі таңда Петропавлдағы әйелдер колониясында 200-ден астам адам жазасын өтеп жатыр. Олардың басым бөлігі ұрлық жасап, алаяқтықпен айналысқандар, арасында адам өліміне себепкер болғандар, есірткі сатқандар да бар. Бұл күні бес түзеу мекемесінің 18 сотталушысы туған-туысқандарымен бейнебайланысқа шығып, амандық-саулық сұрасты.
– Мен “Skype” желісі арқылы ата-анамды, балаларымды көруге мүмкіндік алдым. Олар да менің амандығымды біліп, көңілдері орнына түсті. Мекеме әкімшілігіне осындай мүмкіндік жасағаны үшін рақмет, – дейді “ЕС-164/6” мекемесінде жазасын өтеп жатқан О. Шавкомуд.
Мамандардың айтуынша, бейнебайланыс арқылы ұйымдастырылған кездесулер елде коронавирустың таралу қаупін азайтуға мүмкіндік береді.
Мәдина ЕРҒАЛИЕВА,
облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің баспасөз хатшысы.