
Карантин жағдайына байланысты “Қазпошта” АҚ өңірлік филиалының қызметкерлері 65 жастан асқан облыс тұрғындарына зейнетақыларын үйлеріне апарып беретін болды.
Бүгінгі күні “Қазпошта” АҚ қалалық филиалында жұмыс істейтін 1200-ден астам адам облыс орталығындағы 65 жастан асқан зейнеткерлердің тізімін жасап, олармен қарым-қатынас жасауда сақтық шараларына ерекше ден қойған. Аға буын өкілдерінің үйден шықпауын қамтамасыз ету мақсатында пошта қызметкерлері кезекпен жұмысқа шығып, міндеттерін мұқият орындауда.
Өңір аумағында азаматтарға “Қазпошта” акционерлік қоғамы облыстық филиалының 180 бөлімшесі қызмет көрсетеді. Оның 10-ы Петропавлда орналасқан. Бүгінде елімізде төтенше жағдай енгізілгенімен, пошта қызметкерлерінің жұмыс тәртібі өзгеріссіз қалды. Тек сақтық шараларына орай барлық мекеме қызметкерлері арнайы медициналық бетперде мен қолғап киюге міндеттелген. Пошта ғимараттары аптасына бір рет зарарсыздандырылып, азаматтардың ғимаратқа кіру тәртібіне назар аударылған. “Қазпошта” АҚ облыстық филиалының директоры Бекжігіт Бекбердиевтің айтуынша, карантин басталған күннен бері пошта филиалдарында тұрғындарға қызмет көрсетуде сантитарлық шараларға ерекше мән берілуде. “Бүгінгі жағдайға байланысты ел бойынша барлық бағытта жол жүру ережесі шектелгендіктен, азаматтар сәлемдемелерін пошта арқылы алғызып жатыр. Сондықтан біздің қызметімізге деген сұраныс күн өткен сайын арта түсуде. Жұмыс кестесі бұрынғы қалпында. Жеткізу жұмыстары таңғы сағат 9-дан кешкі 18-ге дейін жүргізіледі. Азаматтардың өздері де бүгінгі жағдайға байланысты көбі пошта қызметтерін қашықтан пайдалануға өтініш білдіруде”, – дейді пошта басшысы.
Еліміз бойынша коронавирус инфекциясы өршіген елдерден тауар алмасу жұмысына шектеу қойылған. Әсіресе, Қытай мен Италия елдерінен жіберілетін сәлемдемелер мұқият тексеріліп, арнайы зарарсыздандырудан өткізілген соң ғана ел аумағына кіргізіліп жатыр.
Гүлбике КУБЕНОВА,
“Soltústik Qazaqstan”.