
Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бері елімізде қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуде ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бұл іс әлі де толастамақ емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған “Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі” атты Жолдауында: “Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек. Сондай-ақ, тіл үлкен саясаттың құралы екенін де ұмытпаған жөн”, – деген болатын.
Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамының көздегені – қазақ тілін Мәңгілік елдің мәңгілік тілі ету. Бүгінде сол мақсаттың аясында жұмыс істеудеміз. Бір кездері ресми органдарда, қоғамдық орындарда қазақша сөйлемек тұрмақ, ол туралы айтудың өзі мұң болса, қазір биліктің мемлекеттік тілге қатысты ұстанымы мен қадағалауының арқасында түрлі мекемелердегі қызметкерлер тіл үйренуге ұмтылыс жасап отыр. Президенттің Жолдауы “Қазақ тілі” қоғамының да алдағы жұмыс бағытын айқындап бергендей болды. Бұдан былайғы уақытта ұйымның өз қызметінде өзгерістер, жаңашыл істер қажет. Қазіргі таңда өңірлердегі филиалдардан осы жайындағы ой-пікірлер жинақталып, жаңа тұжырымдама әзірленуде.
“Қазақ тілі” қоғамы құрылғаннан бері айғай мен аттаннан гөрі, ғылыми негізделген, дәйекті, парасатты бағыт ұстанған болатын. Бұдан былай да осы салиқалы жолды жалғастырып, бір кездегі қазақ тілін қалай сақтау керек деген мақсатымызды енді оның қолданыс аясын қалай кеңейтеміз деген міндетке ұластырып отырмыз. Тіліміздің қолданыс аясын кеңейтуде жергілікті ерекшеліктерге сәйкес түрлі тәсілдерді қолға алып, жүзеге асырып келеміз. “Қазақ тілі” қоғамы сонау 1989 жылдан бері туған тіліміздің тағдыры талқыға түскен шақтарда әр істің ұйытқысы болып, көштің алдынан көрінгені белгілі. Қазақша оқытатын мектептер ашу ісіне де белсене қатысты. Бүгінде сол күндердің ауылы алыстаса да, ұлттық болмысымызды, құндылығымызды танытар шаралар өткізіп, өңір тұрғындарына қазақтың тілі мен ділін насихаттаудан танбай келеміз.
Қазір қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру жұмыстары аясында көптеген істер атқарылуда. Латын графикасы негізінде қазақтың ұлттық әліпбиін түзу, қалыптастыру және қолданысқа енгізу – өскелең өмір мен өзгермелі уақыттың талабы. Қазір қоғам жаңа қазақ әліпбиі елдің санасын жаңғыртатын, әлемдік кеңістіктегі ауқымды ой қазынасына жол ашатын, тіл ережелерін қайтадан жасауға мүмкіндік беретін реформа екенін түсінді. Тілдік реформаға тұрғындардың басым бөлігі, әсіресе, жастар оң көзқарас танытуда. Жаңа графикаға көшуді кезең-кезеңмен жүзеге асыру әдістемелік құралдар мен технологияларды әзірлеуге, оның сапалы жүзеге асуына мүмкіндік береді. Елімізде қазақ тілінің латын графикасына негізделген әліпбиін пайдалана бастаған құрылымдар бар. Мәселен, қазақтілді баспасөзде латын әліпбиімен жазылған мақалалар жариялануда.
Кез келген ұлттың әліпби таңдауы – тек жазу үлгісін ғана таңдау емес, замана көшінен қалмаудың амалы. Әлемдегі ақпараттардың 90 пайызы латын графикасында жарық көреді. Ал ақпаратқа кім иелік етсе, ғылым мен технологияға да сол ие. Қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі – қоғамдық ой мен санаға түпкілікті өзгеріс жасайтын қадам. Сондықтан елдің болашағына алаңдайтын, тілдің қадірін түсінетіндер бұл реформаны қолдап, жүзеге асыруға атсалысары анық. “Қазақ тілі” қоғамының өңірлік филиалы да ұлттық болмысымызды дәріптейтін осы іске белсене қатысып, басы-қасында жүр.
“Қазақ тілі” қоғамы мен “Urpaq” қазақ мәдени-ағарту орталығы Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы қабырғасында және басқа да мекемелерде өзге ұлт өкілдері үшін қазақтың ұлттық дәстүрін, тілін дәріптейтін танымдық кездесулер өткізіп тұрады. Осындай шаралардың нәтижесінде өзімізді таныта отырып, өзгелердің дүниетанымын кеңейтеміз. Қазақты таныған, жанын түсінгендер біздің тілімізге де, ділімізге де құрметпен қарауда. Осы күнге дейін жүйелі түрде жүргізілген жұмыстарымыз өңірімізде мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға аз да болсын пайдасын тигізсе, біз үшін үлкен қуаныш.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық газеттерге берген сұхбатында: “Тіл – өткен тарихпен ғана емес, бүгін мен болашақты байланыстыратын құрал. Меніңше, тілдің тұғыры да, тағдыры да бесіктен, отбасынан басталады. Отбасында ана тілінде сөйлеп өскен бүлдіршіннің тілге деген ықыласы терең, құрметі биік болады. Осы тұрғыда балабақшаларда, мектептерде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруді назарда ұстау қажет. Біз мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру бағытындағы жұмыстарды үздіксіз жалғастыра береміз”, – деп пікір білдіруі Жолдауда айтылған ойларын бекемдей түскендей.
Көпэтносты Қазақстандағы әр азаматтың басын қазақ тілі ғана біріктіретінін бүгінде өзгелер түсінді. Ендігі міндет – “Тіл тағдыры – ұрпақ тағдыры, ұрпақ тағдыры – ел тағдыры” деген ұранды ұстанған қазақ халқының Мәңгілік елге айналуына ұйытқы болу. Тіл өркендесе, ұлттың санасы оянып, елдің ертеңі жарқын болады.
Жангелді ТӘЖИН,
Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамы облыстық филиалының төрағасы.