«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Карантин шаралары кезең-кезеңімен алынады

Кеше Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен мемлекеттік комиссия отырысында қалыптасқан эпидемиялық жағдайды ескере отырып, карантин шараларын кезең-кезеңімен алып тастау жос­пары қаралды.

Отырыста Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, Нұр-Сұлтан қала­сының әкімі Алтай Көлгінов, Алма­ты қаласының әкімі Бақытжан Сағын­таев, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов, «Ата­мекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов және тағы басқалары елдегі сани­тарлық-эпидемиялық жағ­дайды баяндады, шектеу шараларын же­ңілдету жөніндегі ұсыныс білдірді, өңірлер мен кәсіпкерлік субъектілерінің қызметті қайта бастауға дайындығы туралы айтты.
Жиында айтылғандай, карантин шаралары күшіне енген кезеңде эпи­де­миялық ахуал тұрақталып, меди­циналық ұйымдардың жүктемесі айтар­лықтай төмендеді. Вирус тара­луының тәуліктік өсімі 4%-дан 0,5%-ға дейін төмендеді. Сауығып шық­қан адамдар саны 76%-ға жетті. Репро­дук­тивтіліктің орташа көрсеткіші 0,78-ге дейін төмендеді, төсектік орындар жүк­те­месі 26% болды.
Отырыста айтылған мәсе­лелерді қорыта келе мемлекеттік комиссия өңірлердің әкімдерінің ұсыныстарын, сондай-ақ Ден­сау­лық сақтау министрлігі мен басқа да ведомстволардың ұстанымын ескере отырып, карантин шараларын кезең-кезеңімен алып тастау жоспарын бекітті және бірқатар шешім қабылдады.
Отырыс барысында Қазақ­стан Премьер-Министрі Асқар Мамин: «Маска режі­мі мен әлеу­меттік қашықтық ‒ бар­лық адамдар үшін сақталуы тиіс мін­детті санитарлық талаптар, бұл аза­маттардың күнделікті өмірін­дегі ережелерге айналуы қажет. Биз­нес субъектілерінің қыз­метін олар толық дайын болған жағ­дайда ғана қайта бастау қажет», – деді.


https://egemen.kz
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp