Орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалында азаматтардың медициналық сақтандыру мәртебесін анықтау мәселесі бойынша баспасөз мәслихаты өтті.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры облыстық филиалының директоры Лариса Гордеева 2020 жылдың қаңтар айынан бастап жаңа жүйе іске қосылғанын, сәуір айына дейін барлық азаматтар шартты түрде сақтандырылғанын жеткізді. Алайда, елімізде орын алған эпидемиологиялық жағдайға байланысты шілдеге дейін жеңілдік мерзімі ұзарып, азаматтарға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында қызмет көрсетілді. Жеңілдік кезеңі аяқталған соң әрбір тұрғын өз мәртебесін анықтап, өтелмеген айлар үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарна төлеуі тиіс. Жарна аударылмаған жағдайда азаматтар сақтандырылмайды. Қор мамандары әрбір адам өз мәртебесін “Электронды үкімет” порталы, телеграмм-бот немесе мобильді қосымша арқылы тексере алатынын айтты.
Төтенше жағдай кезінде әлеуметтік көмек алу үшін сәуір-мамыр айларында азаматтар аударған бірыңғай жиынтық төлемнің бір бөлігі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына түсті. Алайда, бірреттік төлемнен кейін жарна аудару жалғастырылмады. Ал бірыңғай жиынтық төлем ай сайын және тұрақты төленуі тиіс. Олай болмаған жағдайда медициналық көмек алу кезінде қиындық туындауы мүмкін. Елімізде жеңілдік санаты бар 11 миллион адам медициналық сақтандыру жүйесіне жарна аударудан босатылған. Яғни, көпбалалы аналар, студенттер, балалар, жүкті әйелдер мен жұмыссыздар үшін төленуі тиіс жарналар мемлекет қаржысы есебінен жүргізіледі. Сондықтан табыс көзінен айырылған және уақытша жарна аударуға мүмкіндігі жоқ азаматтар жергілікті атқарушы органның жанындағы жұмыспен қамту орталығында ресми тіркелуі қажет.
– Қазақстанда тұруға ықтиярхаты бар зейнеткерлер жеңілдік санатына кірмейді. Сол себепті олар медициналық сақтандыру қорына төлем жасауға міндетті. Олар жарнаны терминал арқылы төлей алады. Өйткені, банктер мен Қазпошта филиалдары әзірше төлем қабылдамайды, – деді әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының бөлім басшысы Қарлығаш Ілиясова.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltústik Qazaqstan”.