«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ВАКЦИНА ІНДЕТТЕН ҚҰТҚАРА МА?

Әлем елдерін тығырыққа тіреген коронавирус инфекциясына дейін де адамзат тарихында түрлі індеттер аз тараған жоқ. Өткенге үңілсек, пандемия әрбір 100 жыл сайын қайталанып отырғанын көреміз. Бұл сәйкестік пе, әлде табиғаттың заңдылығы солай ма? Індеттен қорғанудың жолы қандай?

Тарихи деректерде адамзатты ажал құштырған антонин обасы ту­ралы көп айтылады. Бұл – адам­зат тарихындағы алғашқы эпи­демия. Ауруға император Марк Аврелий Антониннің аты бе­рілген. Аурудың қалай, қайдан шық­қаны әлі күнге дейін анықтал­маған. Зерттеушілердің болжамы бойынша, обаны Римге Таяу Шы­ғыс­тағы жорықтан оралған сар­баз­дар әкелген. Антонин обасы сол жерден Рейн өзеніне дейін та­рап, бес миллион адам ажал құш­қан екен. Салдарынан қала қаңы­рап, Рим империясының алтын ғасыры аяқталған деседі.

Тарихтағы тағы бір жойқын індет 1338-1353 жылдары орын ал­ған. Қара өлім обасы Моңғолия мен Қытайдың шектесетін жерін­де пайда болған. Құрғақшылық әсе­рінен жануарлар арасында бе­лең алған ауруды адамдарға егеу­құйрықтар жұқтырған. Жал­пы, адамзатқа қайғы-қасірет әкел­ген осындай обалардың тізі­мі әрі қарай жалғаса береді. Жо­ға­рыда айтып өткенімдей әрбір 100 жыл сайын пандемия қайта­лан­ған. Мәселен, 1720 жылы “Мар­сел індеті”, XIX ғасырда ты­рысқақ (холера) орын алған. Бұл пандемия Бенгалияда пайда бол­ған. Аталмыш ауру қауіпті ішек ин­фекциясы ретінде белгілі. Ем қа­был­дамаса бірнеше сағатта ажал құштыратын қауіпті аурудың ал­ғашқы белгілері 1817 жылы анық­та­лыпты. Бұл індет эпидемио­ло­гия мен медицинаның дамуына, түрлі ғылыми зерттеулерге, адам­ға зиян өнімдерді анықтауға, ауру ошағы болған кәріздер мен су құ­быры желілерін дамытуға түрткі болған. 1920 жылы “Испания тұ­мауын” жұқтырып, қайтыс болған­дар көптеп саналады. Өткен ға­сыр­дың бас кезінде халқымызға қызылша, сүзек дерті жаудай тиіп, дерт салдарынан адам шығыны көп болған.

Қазір жұқпалы ауруларға қар­сы адамның қорғаныш қабілетін арттыратын вакциналар бар. Көк­жөтел, қызылша, ту­беркулез ау­рулары бойынша вак­цинадан тап­шылық жоқ. Облыс­тық денсаулық сақтау басқарма­сының мәліметі бойынша, 2019 жы­лы өңір тұрғындарының 90 па­йызы екпемен қамтамасыз етіл­ген. Көбі қызыл­ша мен қызамық ауруларына қар­сы екпе алған. Елі­мізде иммундау шаралары тегін жүргізілсе де, ине қойдырудан бас тартатындар да бар. Өткен жы­лы барлық ауру түрлері бо­йын­ша 300-ге жуық өңір тұрғыны екпе қойдырмаған. Соның ішінде 1 жасқа толмаған балалардың үле­сі 40 пайызды құрайды. Ал Дүниежүзілік ден­саулық сақтау ұйымы әлемде бір жылда 140 мың адам қызыл­шадан қайтыс болғанын айтады.

Қытайдан бастау алған “COVID-19” вирусы әлем елдері­не қауіп төндіріп, жұқпалы ауру­дың салдарынан мыңдаған адам қайтыс болды. Өкінішке қарай, бұл індет елімізді де айналып өт­педі. Медицина қарқынды дамы­ды дегеннің өзінде қауіпті ауруға қарсы тұратын вакцинаны ойлап табу ұзаққа созылып бара жатқан сыңайлы. Бүгінде қауіпті инфек­ция­мен күресетін дәрі жасау үшін зерттеулер жалғасуда.

Иммунология мен вирусоло­гия саласындағы мамандар әлем­­дік пандемияны вакцинаның арқасында тоқтатуға болатынын айтуда. Десе де, індеттен құтқа­ра­тын вакцинаны қолданысқа ен­гізуде ғалымдар әлі ортақ шешім­ге келген жоқ. Жақында елімізде коронавирусқа қарсы алғашқы ек­пе салынды. Сонымен қатар Ав­стралияда жасалған вакцина кли­никалық сынаманың бірінші фа­за­сынан өткенін бұқаралық ақпа­рат құралдары жарыса жазды. Басқа елдер де қарап жатқан жоқ. Қазір адамзатты қауіпті аурудан жаппай иммундау мәселесі көте­рілуде.

Әрине, Қазақстанда “COVID-19” вирусына қарсы вакцинаның жасалып жатқаны қуанышты жа­ңа­лық. Дегенмен, екпенің сапасы мен нәтижесіне күмәнмен қарап, оны салдыруға қарсы шығатын­дар аз болмайтыны анық. Алай­да, адамның қорғаныш қабілетін арттыратын дәрі-дәрмектер ал­ды­мен Дүниежүзілік денсаулық сақ­тау ұйымының қатаң тексерісі­нен өтетінін ескерген жөн. Сапа­лы өнім талапқа сай болса ғана тұтынушыға ұсынылады.

– Вакцина жұқпалы аурулар­дың алдын алады. Профилакти­калық екпеден кейін жергілікті жә­не жалпы реакциялар дамуы мүм­кін. Қырық жыл еңбек өтілі бар тә­жірибелі дәрігер ретінде екпеден адам қайтыс болмайтынын айт­қым келеді. Вакцинадан кейін адам­ның ағзасында иммундық жүйе – антидене (антитела) түзе­ді. Өкінішке қарай, жалған ақпа­рат­тарға сеніп, иммундау шара­ла­рына қауіппен қарайтын адам­дар бар, – дейді Тайынша көп­бейінді ауданаралық аурухана­сы­ның бас дәрігері Анатолий Рафальский.

Жоғарыда айтылған көптеген аурулар бүгінде жоқ. Дәрігерлер олардың жойылуының негізгі се­бе­бін дертке қарсы тұратын дә­рілердің пайда болуымен түсінді­реді. “COVID-19” індетінің де ек­пе арқылы алдын алмаса, әлі талай адамды жалмайтын түрі бар.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp