
Осыдан дәл 40 жыл бұрын, яғни 1980 жылғы Мәскеу Олимпиадасында 300 миллионға жуық жанкүйер көз тіккен тарихи финал өтті. Сол жекпе-жекте миллиондардың сүйіктісі, кеңес боксының сымбаттылық символына айналған Серік Қонақбаев шаршы алаңда италиялық Патрицио Оливамен қолғап түйістірген болатын.
Қазақстандық бокстың аңызға айналған тұлғасы – Серік Керімбекұлы 1959 жылдың 29 қазанында Павлодар қаласында дүниеге келген. Жамбыл қаласында бокс майталманы, әйгілі бапкер Юрий Цхайдің жетекшілігімен жаттыққан 16 жастағы бозбала КСРО-да өз салмағында ешкімді шақ келтірмеді. Бұл білікті бапкер үшін жас өреннің жұлдызын жаққан, ал боксшы үшін бапкерінің даңқын асырған кезең болатын. Балғын спортшыны Олимпиаданың шаршы алаңы күтіп тұр еді.
Шаршы рингте талай жеңіске жеткен ол 18 жасында Кеңес құрамасына алынды. 1979 жылы АҚШ-та әлем кубогының иегері атанып, Германияның Кёльн қаласында өткен Еуропа чемпионатында топ жарады. Сөйтіп, бұл атаққа қол жеткізген алғашқы қазақстандық боксшы атанды. 63,5 килограмм салмақта өнер көрсеткен Серік Керімбекұлы финалда Италия боксының жұлдызы – Патрицио Оливаны нокаутқа жіберген болатын. Бір жылдан соң қос қарсыласты Мәскеу Олимпиадасы қайта кездестіреді.
Патрицио да майталман боксшы. Неаполь қаласында дүниеге келген саңлақ Италия құрамасының сапында Олимпиада чемпионы, Еуропаның күміс жүлдегері және көптеген халықаралық жарыстардың жеңімпазы болған. Екі елдің бокс жұлдыздарын алда Мәскеу Олимпиадасының финалы күтіп тұр еді. Бұл әлемдегі екі жүйенің “қырғиқабақ” соғысының ширыққан кезеңі еді. 50 капиталистік ел Мәскеу Олимпиадасына байкот жариялады. Еуропа чемпионатында алтыннан айырылған италиялық боксшы төртжылдықтың басты додасына келмей қала алмады.
Бокс кездесулері 20 шілде мен 2 тамыз аралығында өтеді. Жарыс бағдарламасына сәйкес 51 елден келген 217 боксшы 11 салмақта сынға түсті. КСРО былғары қолғап шеберлері құрамасының капитаны Серік Қонақбаев 63,5 килограмм салмақта өнер көрсетеді. Ол финалға дейін румыниялық Симион Чутовпен, мажарстандық Имре Бакшкаймен, пуэрториколық Хосе Ангел Молинамен, кубалық Хосе Агуйлармен қолғап түйістіреді. Отандасымыз бір кездесуді уақытынан бұрын аяқтаса, қалғандарында айқын басымдықпен жеңіске жетеді. Ақтық айқастағы қарсыласы – Патрицио Олива. Бұл жекпе-жекте кеңес жанкүйерінің отандасымызға тілектес болғаны белгілі. Сонымен қатар спорт саласының өкілдері қазақстандықты жарыстағы техникасы ең мықты спортшы деп есептеді. Сондықтан оның жеңімпаз атанып, алтыннан алқа тағатынына ешкімнің күмәні болмады. Десе де, төрешілер 1:5 есебімен жеңісті италиялық боксшыға береді. Ал алты бірдей Олимпиада чемпионын баптаған, ХХ ғасырда әлем боксын мойындатқан майталман поляк жаттықтырушысы Феликс Штамм Серік Қонақбаевтың шаршы алаңдағы өнеріне қарап: “Мына баладан бокс генийі шығады”, – деп өзінің жоғары бағасын берген екен.
Патрицио кәспқой боксқа ауысып, онда да белгілі бір жетістіктерге жетті. “WBA” тұжырымдамасында әлем чемпионы атанды. Ал Серік Қонақбаев болса, кеткен есесін келесі Олимпиадада қайтару мақсатында дайындығын жалғастыра береді. Өкінішке қарай, АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өткен ХІІІ жазғы Олимпиада ойындарына бұл жолы кеңес одағы байкот жариялады. Осылайша, отандасымыз саяси себептерге байланысты төрт жылда бір рет өтетін сайыстан тыс қалды. Әйтпегенде, Серік Қонақбаевтың Мәскеу төріндегі күмісін алтынға айырбастайтындай әлеуеті бар еді.
Серік Керімбекұлының спорттық жолы жеңіске толы болды. Боксшы 1981 жылы бокс тарихында Әлем кубогы мен Еуропа чемпионатында екі салмақ дәрежесінде жеңіске жеткен алғашқы спортшы атанды. Бұл жарыстар Канаданың Монреаль және Финляндияның Тампере қалаларында өткен болатын. Қос сайыста барлық қарсыластарын жеңген Серік ешқандай салмақ дәрежесіне қарамай “Әлемнің ең үздік боксшысы” деп танылды. Сондай-ақ, ол екі мәрте Я.Полус атындағы “Алтын белбеу” жүлдесінің, үш жыл қатарынан өткен КСРО-АҚШ құрама командалары арасындағы ойындарда 6 рет жеңімпаз атанған. Құрама сапында АҚШ-қа барған сапарларының бірінде Серік Қонақбаевқа сол кездегі әлемнің үздік кәсіпқой боксшысы – атышулы Рэй Шугар Леонардқа қарсы жекпе-жекке шығу ұсынысы жасалады. Кездесудің жүлде қоры – 1 миллион доллар және әр боксшыға “Mersedes” автокөлігі берілуі тиіс еді. Дегенмен, КСРО отандасымызға бұл кездесуді өткізуге тыйым салды.
Серік Қонақбаев әуесқой бокстағы мансабын бар болғаны 25 жасында аяқтады. Қолғабын шегеге ілген КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері рингте барлығы 300 жекпе-жек өткізсе, оның тек алтауында ғана жеңіліс тапқан. Дегенмен, оның Мәскеу Олимпиадасындағы күміс жүлдесін қазақстандық жанкүйерлер алтын медальдан жоғары қояры сөзсіз.
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.