«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ПАРА АЛҒАНЫ ҮШІН ЖҰМЫСТАН ШЫҒАРЫЛДЫ

Қызметтік өкілеттілігін асыра пайдаланып, пара алды деп айыпталған Мағжан Жұмабаев аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі учаскелік инспекторы жұмыстан шығарылды. Аталған шешім облыстық полиция департаментінде өткен тәртіптік комиссия отырысының қорытындысында қабылданды.

Айыпталушы параны әкімшілік құқық бұзушылық жасаған облыс орталығының тұрғынан алмақ болған. Оның заң бұзушылығына көз жұмып, хаттама толтырмауы үшін 150 000 теңге көлемінде ақша талап еткен. Алайда, ойлағаны жүзеге аспаған парақор ақшаны алып жатқан кезде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы департаменті қызметкерлерінің қолына түсіп, уақытша ұстау изоляторына қамалған еді. Тәртіптік комиссияның шешімімен ол заңға қайшы әрекет жасағаны үшін ішкі істер органдарындағы жұмысынан шығарылып, арнайы атағынан айырылды. Соның салдарынан айыпталушының тікелей басшысы – аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары да қызметінен босатылды. Сондай-ақ, полиция бөлімі мен облыстық аппараттың 11 басшысы қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

«Карантин кезеңінде әріптестері міндеттерін адал атқарып жүргенде, жас офицер өзінің бұл әрекетімен қызметке кір келтірді. Көптеген адамдар бірнеше ай бойы жұмыссыз отыр және бұл факті халық арасында теріс ой қалыптастыруы мүмкін. Дәл осындай қатаң ұстаным қандай атақ пен лауазым болмасын кез келген жемқорға қатысты және солай бола бермек. Әр қызметкерді бұйрықпен таныстырып, жағдайды жариялап отыру керек», — деді облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Марат Төлебаев. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp