
Тамыз айының үшінші жексенбісінде елімізде Спорт күні аталып өтіледі. Коронавирус індетіне байланысты бұл жолы шағын құраммен өткен салтанатты шара барысында өңіріміздің белгілі спортшылары, жаттықтырушылары мен сала ардагерлері марапатталды.
Солтүстікқазақстандық спортшыларға облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың құттықтауын жеткізген оның орынбасары Ғани Нығыметов Қызылжар өңірінде дене шынықтыру мен спортты дамытуға айрықша көңіл бөлініп, тұрғындар арасында саламатты өмір салтын насихаттау бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.
– Соңғы жылдары елімізде спорт саласын жан-жақты дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Нәтижесінде бұқаралық спортпен шұғылданатын солтүстікқазақстандықтардың қатары 176 мыңға жетті. Булаево және Кішкенекөл ауылдарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендері пайдалануға берілді. Қазіргі уақытта Шал ақын, Тайынша, Аққайың, Жамбыл, Айыртау және Есіл аудандарының орталығында заманауи кешендердің құрылысы жүргізілуде. Петропавл қаласы мен аудандардағы спорттық нысандарды жөндеу жұмыстарына 3 млрд. теңге бағытталды. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда алты есеге көп, – деді Ғани Сақтағанұлы.
Өткен маусымда өңір спортшылары ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Солтүстікқазақстандық спортсүйер қауымға Алексей Луценконың, Артем Захаровтың, Маргарита Мұқашеваның, Михаил Литвиннің және Нұрқожа Қайпановтың есімдері жақсы таныс. Спорттық кәсіби клубтардың да жетістіктері бір төбе. Республикамыздағы ең жас кәсіби клуб – “Қызылжар арландарының” балуандары екі мәрте Қазақстан кубогының қола жүлдегері атанды. Жерлестеріміз қазақ күресінен өткен спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясының кубогында чемпион атанып, сенсация жасаған болатын. Ал клуб өкілі Қуаныш Ысқақов Ақтөбе қаласында өткен әлем біріншілігінде екі дүркін әлем чемпионы болды. Сондай-ақ, жергілікті велоспортшылар, волейболшылар мен баскетболшылар да республикалық деңгейде сәтті өнер көрсетуде. “Құлагер” хоккей клубы 2018-2019 жылғы маусымда ел біріншілігінің қола жүлдегері атанды. Ал Бірінші лига ойындарында топ жарған “Қызылжар” футбол клубы бір жылдық үзілістен кейін Премьер-лигаға қайтып оралды.
Солтүстікқазақстандық спортшылар коронавирусқа байланысты енгізілген карантин шараларына байланысты биылға жоспарланған көптеген сайыстардан шет қалды. Дегенмен, спорт саңлақтары алдағы республикалық және халықаралық турнирлерге тас түйін дайын болуы үшін жаттығуларын үзбей, үйлерінде жалғастыруда.
Ғани Нығыметов дене шынықтыру мен спортты дамытуға қосқан елеулі үлесі, ұзақ жылғы адал еңбегі үшін бір топ азаматқа облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын табыс етті. Сонымен қатар спорт ардагері Жамбыл Тасеменов бастаған бірнеше азамат Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатымен марапатталды.
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.