
Елімізде қауіпті індет белең алғалы бері медициналық қызметкерлердің жауапкершілігі еселеп артты. Вируспен күресте емдеу мекемелерінің де жұмыс жүктемесі көбейді. Облыстық фтизиопульмонология орталығының мамандары да қауіпті індетпен күресте уақытпен санаспай еңбек етуде. Емдеу мекемесіндегі атқарылып жатқан жұмыстар туралы орталықтың бас дәрігері Қаныш Бижановпен сұхбаттасқан едік.
– Қаныш Болатұлы, әлем елдерін тығырыққа тіреген коронавирус инфекциясының таралуына байланысты аурудың алдын алу үшін облыстық фтизиопульмонология орталығында қандай жұмыстар жүргізілді? Бүгінде сақтық шаралары, қауіпсіздік талаптары қалай орындалуда?
– Қытайдан бастау алған “COVID-19” вирусы бізді де айналып өткен жоқ. Бүгінде облыстық фтизиопульмонология орталығында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу мақсатында аурудың алдын алу үшін қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Емдеу мекемесінде санитарлық-дезинфекциялық шаралар қатаң жүргізіледі. Медициналық қызметкерлерді жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етуде қиындық туындаған емес. Диспансерде фильтр кабинеті ашылып, науқастар термометриялық тексеруден өткізілуде. Дене қызуы көтерілген адамдар оқшауландырылған. Туберкулезге шалдыққан науқастардың денсаулық жағдайына қарай отырып, басым көпшілігіне амбулаторлық ем тағайындалды. Қашықтан бейнебақылау арқылы емдеу әдісі кеңінен қолданылуда. Сондай-ақ, емханаларда мобильді топ жасақталып, жауапты медициналық қызметкер дәрі-дәрмектерді кейбір науқастардың үйлеріне апарып беруде. Олар емделушілердің дәріні қабылдауын мұқият қадағалайды. Үстіміздегі жылдың сәуір айында орталықта “COVID-19” инфекциясын ерте кезеңде анықтайтын вирусологиялық зертхана ашылды. Оған 17,5 миллион теңге тұратын соңғы үлгідегі “Automag 96” құрылғысы сатып алынды. Бұл зертханаға өңірдегі ауруханалардан алынған сынамалар жолданады. Вирусологиялық зертхана медициналық құралдармен жабдықталып, мамандар жеке қорғаныш киімдерімен, залалсыздандыру мақсатында қолданылатын антисептиктермен қамтамасыз етілді.
– Жыл басынан бері бұл мекемеде қанша науқас ем қабылдады? Қазіргі таңда олардың жағдайы қалай?
– Биыл орталықта жұқпалы дертке шалдыққан 810 науқас ем қабылдады. Қазір соның 512-сі емделуде. Олардың бірқатары Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда орналасқан бөлімшеде стационарлық ем алуда. Диспансерлік есепте тұратын науқастардың жағдайлары жақсы. Пандемия кезінде туберкулезге шалдыққан науқастар саны өскен жоқ. Керісінше, өткен жылмен салыстырғанда аурушаңдық көрсеткіші 20 пайызға төмендеді. Яғни, өткен жеті айдың қорытындысы бойынша 153 адам туберкулезге шалдықса, былтыр осы кезеңде 194 науқас есепке алынған болатын. Ал коронавирус жұқтырып, біздің орталықта емделген науқастардың дені – елуді еңсерген адамдар. Бұл дертке шалдыққандарды әлемдік тәжірибеге негізделген хаттамаға сәйкес емдеудеміз.
– Бүгінгі таңда пневмонияға, туберкулезге шалдыққан сырқаттарды емдеуде қандай қиындықтар орын алуда? Жалпы, орталықта қанша адам жұмыс істейді. “COVID-19” вирусымен күрес жүргізуде алғы шептен көрінген медициналық қызметкерлерге тиісті үстемеақы төленді ме?
– Құрт ауруына шалдыққан науқастарды емдеу бұрыннан оң жолға қойылған. Қазір облыстық фтизиопульмонология орталығында 6 айға жететін дәрі-дәрмек қоры бар. Пневмонияға шалдыққан және коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастар үшін де барлық жағдай жасалуда. Бүгінде орталықта 43 дәрігер мен 162 медбике жұмыс істейді. Коронавирус індетін жұқтырған науқастарды емдеуге біздің медициналық қызметкерлер де жұмылдырылды. Өз өмірлеріне төнген қауіп-қатерге қарамай, күні-түні тынымсыз еңбек еткен ақ халатты абзал жандарға маусым-шілде айларында тиісті үстемеақы төленді.
– Шіліңгір шілдеде пневмонияға шалдыққан науқастар саны күрт өсті. Мамандар оны коронавирус инфекциясымен байланыстырады. Сұрайын дегенім, осы қауіпті індетке шалдыққан науқастар оны екінші рет жұқтыруы мүмкін бе?
– Өткен айларда өкпесі қабынған тұрғындар саны көптеп тіркелді. Әрине, бұл қауіпті инфекциямен тығыз байланысты. Қазір елімізде коронавирус және пневмония ауруларының статистикасы біріктірілді. Полимеразды тізбекті реакция әдісі бойынша жүргізілген тест нәтижесінде “COVID-19” вирусы анықталмауы мүмкін. Алайда, аурудың клиникалық көрсеткіші бойынша ол коронавирус инфекциясы болып саналады. Ресми мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда қауіпті індетті екінші мәрте жұқтырып алғандар әзірге тіркелген жоқ.
– Инфекциялық ауру өршіген тұста (маусым, шілде айлары) ауруханаларда орын жетіспеді. Кейбір емдеу мекемелерінде қосымша провизорлық стационарлар ашылды. Сіздерде орын тапшылығы болды ма?
– “СОVID-19” вирусы анықталған науқастарды емдеу жөніндегі іс-шаралар аясында облыстық фтизиопульмонология орталығында маусым айында 60 орындық инфекциялық бөлімше ашылды. Індет жұқтырған тұрғындар санының күрт өсуіне байланысты қосымша төсек-орын дайындалды. Сонымен, қазір 160 орынға шақталған инфекциялық стационар жұмыс істейді. Бүгінде орын тапшылығы жоқ.
– Мамандар күзде аталмыш індеттің өршу қаупін болжауда. Сіздер оған қаншалықты дайынсыздар?
– Эпидемиологтар мен зерттеушілердің болжамы бойынша, коронавирус инфекциясы күзде тұмаумен бірге қайта өршуі ықтимал. Екінші толқынға дайындық шарасы ретінде орталықта дәрі-дәрмек қоры жасалуда. Алдағы маусымға инфекциялық стационар қажетті дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етілуі керек. Ол үшін бірыңғай дистрибьютор “СК Фармация” компаниясына тапсырыс бердік. Қазір жан сақтау бөлімшесінде бес жасанды тыныс алу аппараты бар.
– Өкпесі қабынған науқастар ауруханадан шыққанымен, оларға ерекше күтім қажет. Дәрігер ретінде қандай кенес бересіз?
– Ауруханада емделіп, үйге жазылып шыққан адам тек дәріге үміт артпауы керек. Қауіпті індеттен өкпеге зақым келсе, тыныс алу жаттығуларын жасау керек. Бұл ағзаның қызметін ретке келтіреді. Сондықтан науқастарға тыныс алу гимнастикасын жасауға кеңес береміз. Бұл – ең қарапайым жаттығу. Оны үйде күн сайын үш рет 15-20 минуттан жасау керек. Сондай-ақ, оңалту шаралары ретінде халық емінің де алатын орны ерекше. Бұл орайда, қымыз, шұбат сияқты ұлттық сусындардың шипасы зор. Асқазан жарасы болмаса, дәрумендер мен микроэлементтерге бай осындай құнарлы сусындар ағзаға пайдалы. Олар адамның қорғаныш қабілетін арттырады.
– Орталықта, негізінен, туберкулезбен ауыратын науқастар емделеді. Коронавирус деп жүріп, оларды назардан тыс қалдырмаған шығарсыздар. Жалпы, осы аурудан құлантаза айығу мүмкін бе?
– Туберкулез – ежелден келе жатқан жұқпалы ауру. Ауру дер кезінде анықталса, толық сауығуға мүмкіндік бар. Тек емдеу шаралары біршама уақытқа созылады. Ең бастысы, науқастар дәрігер тағайындаған емді үзбеуі керек. Бұл дертті емдеудің толық курсы тегін жүргізіледі. Қазіргі уақытта облыста аурудан айығу нәтижесі оң көрсеткішке ие. Мәселен, туберкулездің ашық түрімен бірінші рет ауырған науқастардың айығуы 89,4 пайызды құрайды. Өткен жеті айда 256 адам осы аурудан құлантаза айықты. Балалар арасында да туберкулезге шалдығу көрсеткіші күрт азайды. Соңғы жылдары ерте жастан жұқпалы ауруға шалдыққан балалар тіркелген жоқ. Мұндай көрсеткішке ауруға қарсы иммундау шараларының нәтижесінде қол жеткіздік.
– Тұрғындар арасында аурудың алдын алу бағытында қандай жұмыстар жүргізіледі және емдеу мекемесінің материалдық-техникалық базасына тоқталып өтсеңіз.
– Тұрғындар арасында ауруды дер кезінде анықтау мақсатында емханаларда флюорографиялық тексерулер жүргізіледі. Әр адам өзінің денсаулығына жауапкершілікпен қарап, жыл сайын тексеруден өтуі тиіс. Ауру белгісі анықталса, бірден дәрігердің көмегіне жүгінген абзал. Жөтел, әлсіздік, тәбеттің төмендеуі, дене салмағының азаюы, кеуде қуысының ауруы, тершеңдік, дене қызуының көтерілуі негізгі ауру белгілері болып саналады. Туберкулездің алдын алу шаралары екі бағытта жүргізіледі. Дүние есігін ашқан сәбилерге перзентханада туберкулезге қарсы екпе қойылады. Иммундау шарасы екінші мәрте 6-7 жаста жүзеге асады. Алдымен манту сынамасы жүргізіледі. Балалар арасында туберкулезді дер кезінде анықтау үшін туберкулин сынамасы мен диаскентест әдісі қолданылады. Инфекция жұқтырған балаларға алты ай көлемінде химиопрофилактикалық ем тағайындалады. Науқаспен байланыста болған адамдар үшін ауру жұқтыру қаупі зор. Сондықтан тазалық тәртібі мен сақтық шараларына мән берген жөн.
Диспансердің бірер бөлімшесіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілгенін айтқан жөн. Ота жасау және жансақтау бөлімшелері заманауи медициналық құралдармен жабдықталды. 2017 жылы диспансердің негізгі ғимараты күрделі жөндеуден өткен болатын. Науқастар үшін серуендеу алаңы көгалдандырылды. Сондай-ақ, бактериологиялық зертхана мен аурухананың екі жеделсатысы жөнделді. Биыл да ауруханада жөндеу жұмыстары қарқынды жүруде. Алдағы уақытта орталықта пульмонология бөлімшесін ашу жоспарда бар.
Сұхбаттасқан
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltústik Qazaqstan”.