
Солтүстік Қазақстан облысында ересектердің көзінен таса қалған бір жасар сәби аулада су құйылған ыдысқа батып кетті.
Қайғылы оқиға 17 тамыз күні Тимирязев ауданындағы Докучаево ауылында орын алды. Жеке тұрғын үйдің ауласында үлкендердің қарауынсыз қалған 2019 жылы туған сәби мерт болды.
– Күндізгі сағат 17.00 шамасында департаменттің диспетчерлік пультіне Докучаево елді мекенінде бір жасар сәбидің қаза тапқаны туралы хабар түсті. Белгіл болғандай, бір сәт анасының қарауынсыз қалған қыз бала ауладағы су құйылған ыдысқа құлап кеткен. Анасы бес минуттан кейін сәбиді тауып алады. Алайда, суға тұншыққан балақай қаза тапты, – дейді облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент бастығының орынбасары Нұрлан Атығаев.
Бұл өткен аптада баланың өліміне әкелген екінші қайғылы жағдай. Бұған дейін Айыртау ауданында үш жасар бала көпқабатты тұрғын үйдің терезесінен құлап, көз жұмған болатын. Жалпы, өткен жылы облыс аумағында мұндай 4 жағдай тіркелген-ді. Осыған орай департамент мамандары балаларды үлкендердің қарауынсыз қалдырмау қажеттігін ескертеді.