Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында бірінші кезекте жұмыспен қамтуды қолдау шаралары қаралды. Бұл мәселе жөнінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б.Нұрымбетов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Д.Ахметов, Жамбыл облысының әкімі Б.Сапарбаев, Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Қ.Ақсақалов, Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғ.Есқалиев баяндама жасады.
Басты міндет – жұмыспен қамту
Биыл “Еңбек” мемлекеттік бағдарламасының, “Жұмыспен қамту – 2020” жол картасының жəне басқа да салалық бағдарламалардың аясында 743 мың адам еңбекке тартылды. Жылдың соңына дейін 1 млн. 220 мың адамға қолдау көрсетілуі тиіс. Мемлекет басшысының тапсырмасымен жол картасы аясында тұрақты жұмыс орындарын құруға жəне өңірлердің əлеуметтік инфрақұрылымын жақсартуға баса назар аударылып, инфрақұрылымдық жобалардың тізбесі оңтайланды. Осы жобалар (6 702 жоба) аяқталған соң аралас салаларда қосымша 100 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылады.
Премьер-Министр Шымкент қаласында, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан жəне Шығыс Қазақстан облыстарында жұмыспен қамтуды қолдау шараларын іске асыру қарқыны жоғары екенін атап өтті. Орташа көрсеткіштер Қарағанды, Ақмола, Түркістан, Ақтөбе, Қостанай, Маңғыстау, Алматы, Павлодар, Атырау облыстарында, Нұр-Cұлтан мен Алматы қалаларында байқалады. Сонымен қатар жекелеген көрсеткіштер бойынша екі өңір артта қалып отыр: Қызылорда облысында мемлекеттік гранттар беру – 47,5%, қоғамдық жұмыс – 50,1%, жобаларға бөлінген қаржыны игеру – 56,2%, жұмыс орындарын құру 44,4%-ға орындалды; Батыс Қазақстан облысында микрокредит беру бойынша баржоғы 28,6%, жастар тəжірибесі – 37,7%, жобаларға бөлінген қаржыны игеру – 58,9% жəне тұрақты жұмыс орындарын құру 25,8% деңгейінде.
– Жыл соңына дейін төрт-ақ ай қалды. Əкімдіктер бағдарламаларды іске асыруды жандандыруы қажет. Қазіргі жағдайда бірінші кезектегі міндет – азаматтарды жұмыспен қамту. Қажетті ресурстар бөлінген, барлық құралдар бар, еңбек нарығында теңгерімсіздікке жол бермеу керек, – деді А.Мамин. Үкімет басшысы мемлекеттік бағдарламаларда қарастырылған іс-шараларды жүзеге асыруды, сондай-ақ, Электронды еңбек биржасының бизнес-процестерін оңтайландыру, жұмыспен қамту шараларымен проактивті қамтуды дамыту жəне оларды іске асыру мониторингін күшейтуді тапсырды. Жұмыспен қамтудың жоспарланған индикаторларына қол жеткізіп, тұрақты жұмыс орындарын құруға ерекше назар аудару қажет. Ұлттық экономика, Ауыл шаруашылығы министрліктеріне “Атамекен” ҰКП жəне əкімдіктермен бірлесіп, бизнес бастамаларды дамыту жəне қолдау бойынша жұмысты жандандыру тапсырылды.
Балық өндіру барысы қалай?
Сондай-ақ, отырыста еліміздің балық шаруашылығын дамыту мəселесі қаралды. Экология, геология жəне табиғи ресурстар министрі М.Мырзағалиев, Ауыл шаруашылығы министрі С.Омаров, сондай-ақ, “Хамит” балық шаруашылығының өкілі Б.Серманизов, “Caspian Riviera” балық шаруашылығының өкілі Р.Хамитова, “KingFish” балық шаруашылығының өкілі М.Тұрсынəлі баяндама жасады.
Экология, геология жəне табиғи ресурстар министрінің айтуынша, елімізде балық шаруашылығын дамытудың мол мүмкіндіктері бар. Экспорт əлеуетін де жоғары деуге болады. Балық өнеркəсібінің негізгі түрлері – балықты аулау, өсіру жəне қайта өңдеу. Еліміздің балық жəне балық өнімдері нарығының жалпы көлемі 2019 жылы, шамамен, 66 мың тонна болды. Сонымен қатар Қазақстан Норвегия, Ресей, Исландия, Қытай жəне Балтық жағалауы елдерінен мұхит балықтары мен теңіз өнімдерін импорттайды.
– Негізінен біз балық сүбесін, кептірілген-ысталған өнімдерді жəне тоңазытылған балық экспорттаймыз. Мысалы, көксерке сүбесі Германия мен Нидерландта қазақстандық бренд болып табылады. Ал кептірілген, ысталған өнімдер Ресей, Украина, Литва, Қытай жəне басқа елдерге экспортталады. Экспортты арттыруға болатын əлеуетті нарықтар бар, – деді М.Мырзағалиев. Өкінішке қарай, елімізде жан басына шаққанда балық өнімдері аз тұтынылады. Айталық, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы əр адам жылына 16 килограмм балық жеуі қажеттігін ескертсе, Қазақстанда бұл көрсеткіш 4 килограмнан ғана келеді. Бұл көрсеткіш көршілес Ресейде 23 килограмм, Қытайда 45 килограмм. Бүгінгі таңда Қазақстанда бір мыңнан астам балық шаруашылығы субъектісі бар. Оларға 1646 су айдыны мен учаскелер бекітілген. Салада 11 мыңнан астам адам жұмыс істейді.
БҰҰ жанындағы Азық-түлік жəне ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) мəліметі бойынша, акваөсіру саласы ақуыз өнімдерін өндіруде ең қарқынды дамып келе жатқан бағыт. Мəселен, өсірілетін балықтың əлемдік көлемі 60 жыл бұрын небəрі 1 млн. тоннаны құраса, бүгінде бұл көрсеткіш 82 млн. тоннадан асады. Қазақстанда балық өсіру саласының əлеуеті өте жоғары. Соңғы 7 жылда өсірілген балық көлемі 9 есе, яғни 800 тоннадан 7,4 мың тоннаға дейін өсті. Елімізде осы іспен 180 балық өсіру шаруашылығы айналысады, онда мыңнан астам адам жұмыс істейді. М.Мырзағалиевтің айтуынша, бұл жеткіліксіз. “Жасанды балық өсіру шаруашылықтары бұдан да көп болуы керек. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған жан басына шаққанда 16 килограмм балық тұтыну нормасына қол жеткізу үшін, шамамен, 300 мың тонна балық өсіруіміз қажет”, – деді ол. Балықты жасанды өсіру бойынша Түркістан облысы көш бастап тұр. Одан кейінгі орындардағы Алматы облысында, шамамен, 1000 тонна, Солтүстік Қазақстанда – 380 тонна, Шығыс Қазақстанда, шамамен, 300 тонна балық өсіріледі.
Биыл ақпан айында Атырау қаласында балық шаруашылығын дамыту мəселелері жөнінде өткен көшпелі жиында Премьер-Министр А.Мамин саланың дамуына кедергі келтіретін негізгі кемшіліктерді анықтауға тапсырма берген еді. Министрлік осы тапсырманы орындау үшін бизнеспен бірге талдау жүргізіп, 3 басты мəселені анықтады. Олар – су қоймаларын балық аулаудан балық өсіруге бейімдеу, заңнамаға қажетті өзгерістер енгізу, мемлекеттік қолдау шараларын арттыру. Еліміздегі су қоймаларын зерттеу нəтижесінде онда жылына 600 мың тонна балық өсіруге болатыны анықталды. Соның негізінде балық өсірудің өңірлер үшін тиісті схемасы жасалды. Мысалы, Түркістан облысындағы Шардара су қоймасы сазан жəне бекіре тұқымдас балық түрлерін өсіруге қолайлы болса, Шығыс Қазақстандағы Өскемен, Бұқтырма су қоймаларында форель, сиг тұқымдас балықтарды өсіруге болады.
Экспортқа екпін берілмек
Мəселені Үкімет басшысы Асқар Мамин қорытындылады. Премьер атап өткендей, балық аулау жəне оны көбейту – азық-түлік өндірісіндегі басым салалардың бірі. Қазақстанда тауарлы балық өсірумен 180 шаруашылық айналысады. Биыл ақпан айында Атырау қаласында Үкімет басшысының төрағалығымен өткен кеңестің қорытындысы бойынша əкімшілік кедергілерді азайтуға жəне саланы дамытуға оңтайлы жағдайлар жасауға бағытталған бірқатар заңнамалық бастамалар əзірленді. Су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемді оңтайландыруға, шаруашылықтарды тиімді аймақтарға бөлуге жəне орналастыруға, балық аулаудың жəне балық аулайтын кемелер жұмысының тиімді кестесін белгілеуге, тыйым салынған құралдар айналымы үшін жауапкершілікті қатаңдатуға ерекше назар аударылды. Барлық қажетті заңнамалық түзетулер биыл қыркүйекте Парламентке енгізіледі. Жемшөпті субсидиялау (25%-ға дейін) жəне инвестициялық шығындарды өтеу (30%-ға дейін) тұрғысынан қосымша мемлекеттік қолдау шаралары көрсетіліп жатыр. Тауарлы балық өсіруді дамытуға бағытталған инвестициялық жобаларға жеңілдетілген несие беру көзделген. Қабылданып жатқан шаралардың нəтижесінде биыл өсірілген тауарлы балықтың көлемін 9 мың тоннаға жеткізу жоспарланып отыр.
Премьер-Министр балық өндірісінің көлемі айтарлықтай ұлғайып, 2030 жылға қарай 600 мың тоннаға дейін жеткізілуі мүмкін екенін атап өтті. Сала АӨК құрылымында негізгілердің біріне айналуы тиіс. Экспорт көлемін 10 есе (300 мың тоннаға дейін) ұлғайтып, кемінде 100 мың қосымша жұмыс орнын құру көзделіп отыр. Үкімет басшысы 1 қарашаға дейін балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламаларын əзірлеуді жəне бекітуді тапсырды, онда басым субсидиялау, жер телімдерін бөлу, инфрақұрылым жүргізу бойынша нақты индикаторлар мен іс-шаралар жəне басқа да мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілуі тиіс. Экология министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдар мен бірге бір ай мерзімде бизнес қауымдастықтармен балық шаруашылығы саласын субсидиялауды кеңейту жөніндегі ұсыныстарды пысықтау, Білім жəне ғылым министрлігімен бірге жоғары оқу орындарының оқу жəне тəжірибелік бағдарламаларын балық аулаудан балық өсіруге баса назар аудара отырып, қайта қарау жүктелді. Қаржы министрлігіне Сауда министрлігімен бірге шетелден балықтың бағалы түрлерінің балық өсіру материалын жеткізуді жəне оларды тасымалдау кезінде шекарада бақылаудың барлық түрлерінен өтуді рəсімдеуді оңайлату жөніндегі ұсыныстарды пысықтау тапсырылды.
“Egemen Qazaqstan”,
19 тамыз 2020 жыл).