«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨРЕНДЕРГЕ ҚУАНЫШ СЫЙЛАДЫ

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамасымен облыс орталығындағы «Қызылжар» орталық мешіті «Мектепке жол» қайырымдылық акциясын ұйымдастырды.

Карантин талаптары қатаң сақталған қайырымдылық акциясына мектептердің әлеуметтік педагогтері, қолдауға ие болған оқушылар мен олардың ата-аналары қатысты. Көпбалалы және аз қамтылған отбасыдан шыққан және мүмкіндігі шектеулі балаларды жаңа оқу жылына дайындау мақсатында өткізілген шара аясында он оқушыға ноутбук сыйға тартылды. Бұл тізім облыстағы білім беру ордаларынан алынған. Яғни, Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған гимназия интернатында, Мағжан Жұмабаев атындағы педагогикалық-гуманитарлық колледж жанындағы жалпы білім беретін мектеп-лицейінде, Сафуан Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияда, тағы басқа білім ордаларында оқитын өрендер жаңа оқу жылында қашықтан оқуға мүмкіндік алу үшін ноутбуктарға ие болды. Ал Мағжан Жұмабаев ауданындағы Сулышоқ ауылында тұратын көпбалалы отбасы орталық мешіттен көмек сұраған. Он бес бала тәрбиелеп отырған отбасында мектеп жасындағы балалардың қашықтан білім алуында бірқатар қиындықтар туындаған. Сондықтан оларға да ноутбуктар табысталып, қолдау көрсетілді.
Акция барысында биылғы оқу жылының талабына сай құрылғыға ие болған шәкірттер қуанышын жеткізіп, ата-аналары да алғыстарын білдірді. Қуаныштан жүздері бал-бұл жайнаған өрендерге сыйлықтарын табыстаған «Қызылжар» орталық мешітінің бас имамы Кенжетай Дүйсенбай бұл құрылғылардың қашықтан білім алу барысында оларға қолайлы жағдай жасайтынына сенім білдірді. Әр баланы жеке құттықтап: «Бұл құралдар сіздердің кәделеріңізге жарап, болашақта әрбіріңізден білікті маман иесі щығады деп үміттенеміз», – деген жылы лебізімен шығарып салды.
Облыс орталығында бастау алған шара алдағы уақытта аудан және ауылдық жерлерде де өткізілмек.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp