
Назарбаев зияткерлік мектебінің жоғары сынып оқушылары өз білім ордаларының виртуалды көшірмесін жасап шығарды.
Жас өнертапқыштар мектептің “құрылысына” екі ай уақыт жұмсап, Minecraft платформасын қолданған.
– Жобаны бірнеше адам бірігіп жасадық. Әрқайсымыздың өз міндетіміз болды. Мен сервердің теңгеріміне жауап бердім. Мұнда спорт алаңына дейін қамтылған. Әр бала компьютер арқылы қосылып, футбол, волейбол сияқты ойындарды бірге ойнай алады, – дейді 10-сынып оқушысы Арлан Мұхамеджанов.
Назарбаев зияткерлік мектебі 720 орынға шақталған. Жалпы ауданы – 15 мың шаршы метр. Оқу блоктарында 60-тан астам кабинет бар. Бұлар да балалардың назарынан тыс қалмаған. Тіпті, ғимараттағы жиһаздар да қаз-қалпында берілген.
– Мектеп биыл 7-сыныпқа 140 оқушыны қабылдады. Алайда, карантинге байланысты бұл балалар мектеппен таныса алмады. Сондықтан Minecraft платформасында білім ордасының виртуалды нұсқасын жасап шығардық. Оңай болған жоқ. Математикалық және ойлау қабілетін қажет етеді. Бәрінен де ғимараттың іргетасын қалау қиынға соқты. Компьютерде әр кірпішті өз орнымен қалау керек. Авторлар мектептің ішіне көп уақыт жұмсады. Мен олардың берген қарапайым тапсырмаларын орындап, қолғабыс еттім, – деген мектеп директоры Данияр Уәлиев виртуалды мектептің алғашқы қонақтары 7-сынып оқушылары болғанын жеткізді.
Бүгінде жас өнертапқыштар өңірдегі киелі жерлердің виртуалды көшірмесін жасауға кіріскен. Соған орай Айыртау ауданындағы Айғаным қонысына қатысты материалдар жинақталып жатыр.
Эльмира КӘЛЕНОВА,
журналист.