«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ПОЛЬШАДА БІЛІМІН ШЫҢДАДЫ

Бүгінде елімізде жастардың шетелге шығып, сапалы білім алуы үшін мүмкіндіктер телегей. Әсіресе, академиялық ұтқырлық бағдарламасының пайдалы тұстары аз емес. Дәл осы бағдарламамен оқу мүмкіндігі курстасым Жанна Бисеноваға бұйырды.

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қа­зақстан университеті талай сары ауыздың қанатын қатайтып, үлкен өмірге ұшырды. Бүгінгі таңда мен де 16 курстасыммен бірге осы жо­ғары оқу орнында журналистиканың қыр-сырына қанығып жатырмын. Жаһандану заманында бәсекеге қабілетті маман атану үшін әрдайым ізденіс үстіндеміз. Соның жемісі – өткен оқу жылының соңғы семестрінде курстасымыз Жанна Ермекқызының шекара асып, білімін жетілдіріп келуі. Дәлірек айтқанда, талапты құрбымыз жарты жыл Польша елінің Лодзь қаласында оқыды.
Жаннаның айтуынша, академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында студенттер шетелде республикалық бюджет қаражаты есебінен оқиды. Атап айтқанда, жолақы, тұратын орын (жатақхана немесе пәтер), визалық алымдар, медициналық сақтандыру үшін ақшаны өз қалтаңнан шығарудың қажеті жоқ. Бағдарламаға қатысу үшін оқуда үздік атансаң әрі ағылшын тілін жетік меңгерсең болғаны. “Польшада шалғайдан келген адамға бағыт-бағдар көрсету мәселесі оңтайлы шешілген. Мәселен, мен оқыған университеттегі әрбір шетелдік студентке жол сілтейтін ментор бекітілді. Мұндағы студенттік өмір, ең алдымен, түсіндіру жұмыстарымен басталып, бізге кішігірім сыйлықтар табысталды. Яғни, жергілікті адамдар әртүрлі елден жиналған студенттерге барынша қонақжайлық танытты. Бір-бірімізбен ағылшынша сөйлесіп, өз еліміздің салт-дәстүрін таныстырдық”, – деген Жанна әр кездесу сайын түрі мен тілі бөлек жандардың достық қарым-қатынасы нығая түскенін айтады. Демалыс күндері олар қаланы аралап, Польша мемлекетінің тарихи-мәдени мұраларымен, заманауи өмір салтымен танысқан.
Наурыз айында әлемді жайлаған пандемия Жаннаның оқуына да кесірін тигізбей қоймады. Санитарлық талаптарды сақтау мақсатында университеттегі оқуы “Zoom” платформасы арқылы жалғасын тапты. Алайда, осындай қиын жағдайда да Жанна мен оның жаңа достарының сағы сынбай, сабақтарға жос­парлы түрде қатысты. Осылайша, курстасым өзінің шетелдегі оқуын нәтижелі аятап, елге оралды. Дүниетанымы кеңейіп, телефонын жарқын естелік суреттерге толтырып қайтқан курстасымыздың арманы орындалғанына қуаныштымын. Польшадан бөлек Еуропаның басқа да елдеріне саяхаттағанын айтқанда, осындай жақсы мүмкіндікті мүлт жібергеніме өкінгенім де рас. “Жарқын болашақ өз қолыңда. “Талаптыға нұр жауар” демекші, ізденсең, талпынсаң, шетелге шығып, білім мен біліктілікті арттырудың басқа да жолдары табылады”, – деп аяқтады Жанна қызықты әңгімесін.
Айғаным АСЫҒАТОВА,
М.Қозыбаев атындағы
СҚУ-дің 4-курс студенті.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 


 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp