Өңірімізде жастардан жасақталған “Құлагер” хоккей клубы бар екенін біреу білсе, біреу білмес. 2018 жылы құрылған команда аға буыннан қалмай, мұз айдынында шеберліктерін көрсетуге барын салып келеді.
Команданың бас жаттықтырушысы Вячеслав Емельяновтың айтуынша, жерлес жас хоккейшілер дәстүрлі ел біріншілігіне дейін жолдастық кездесулерде бақ сынаған. Соның әсері болса керек, “Jastar Hokei Ligasy” деген атауға ие болған биылғы ел біріншілігі жерлестеріміз үшін сәтті басталды. Жарыстың алғашқы тур ойындары аясында жергілікті команда рудныйлық “Горнякпен” кездескен болатын. 5:2 есебімен аяқталған бірінші матчта команда капитаны Андрей Фролов қарсылас қақпасына қатарынан үш шайба тоғытуымен көзге түсті. Қарымта ойын жерлестеріміз үшін, тіпті, тамаша өтті. Бұл сында біздің хоккейшілер зымырандай зулап, рудныйлықтарды 8:1 есебімен ойрандады. Бұл жолы хеттрик авторы атанған Ерасыл Шайкенов есімді шабуылшымыз ерледі. Сонымен қатар Данила Букарь қарсылас қақпашыдан айласын екі рет асырып, нысананы дәл көздеді.
Дегенмен, жанкүйерлеріміздің қуанышы көпке созылмады. Елордалық “Барыс” және “Астана” командаларына қарсы өткен кездесулерде жерлестеріміз есе жіберіп алды.
Қоржынында 6 ұпайы бар “Құлагер” турнир кестесінде тоғызыншы орында келеді. 28-29 қараша күндері жерлестеріміз павлодарлық “Мұнайшы” командасымен кездеседі. Сағат 12.00-де басталатын матчты www.ligasy.kz сайтынан тікелей эфирде тамашалауға болады.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ.
“Soltústik Qazaqstan”.