
Терлемей табыс табамын деп, теріс жолға түсіп жатқан жастар қаншама?! Біреудің ала жібін аттаған олар ақырында абақтыға қамалып, сан соғуда. Сондай пасықтық салдарынан сотталған мен де арамның адымы қысқа екенін кеш түсіндім. Сондықтан өкінішке толы өмірім жастарға сабақ болса деймін.
1994 жылы Петропавл қаласында туған мен әжемнің қолында өстім. №26 орта мектептің табалдырығын аттап, сонда 9 жыл білім алдым. Маған оқу өте қатты ұнайтын, түрлі шараларға, олимпиадаларға белсене қатысатынмын. Осы елгезектігім үшін мұғалімдерім әжеме жиі алғыс айтатын. Ал мектепті тамамдаған соң үйленіп, балалы болдым. Осылайша мойныма жауапкершілік жүгі ілініп, отбасымды асыраудың қамына кірістім. Өкінішке қарай, тағдырдың сынағына шыдай алмадым. Олжаға оңай әрі тез кенелуді ойлап, алаяқтықпен айналыса бастадым. Ақырында ұсталып, түрмеге түстім. Бүгінгі таңда облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің “ЕС-164/1” мекемесінде жазамды өтеп жатырмын.
Іштегі шерді тарқатар болсам, темір тордың арғы жағында көп нәрсені түсінесің. “Арамның ісі өрге баспайды” деп тектен-текке айтылмаса керек. Адамды алдап, ақшасынан айырып, байып кетпейсің, бақытты болмайсың. Бізді тек сүйікті жандар мен туған-туыс қана шын бақытты етеді. Мен ағат кеткенімді кеш түсіндім. Сол қателік үшін бостандығымнан ғана айырылып қоймай, отбасымды қолдаусыз қалдырдым. Мен түрмедегі қиындықтардың бәріне шыдай аламын. Тек телефон арқылы зайыбымның жылаған дауысын естігенде жүрегім қарс айырылады. Әкесіз өмір сүріп жатқан ұлымды ойлап, дені сау ма, аш қалмады ма екен деп алаңдаймын. Мен отбасымды қатты сағындым. Қаншама күнді отбасымнан тыс өткізгенім үшін өзімді өмір бойы кінәлап өтемін. Сондықтан бостандыққа шықсам, отбасымның қасынан бір елі ұзамаймын. Зайыбыма мақтантұтарлық жар, ұлыма лайықты әке боламын. Заңды белден баспай, адал еңбек етемін.
Отбасы – адам өміріндегі ең басты байлық. Өйткені, тек жақындарың ғана жетістігіңе шын қуанып, сәтсіздіктерде жаныңа демеу болады. Қазір маған отбасым ауадай қажет. Олармен тез арада қауышып, терең тыныстағым келеді. Бостандықта жүрген жастар жақындарын бағалай білсе екен…
Данияр ДЕМЕСІНОВ.
(Аты-жөні өзгертілді).