
Солтүстік Қазақстан облысында балық аулап жүріп, адасып кеткен ер адамды құтқарушылар келесі күні тапты.
Петропавлдың 51 жастағы тұрғыны 25 қараша күні таңғы сағат 10.00 шамасында балық аулауға шыққан. Прибрежное ауылының маңына келген соң ол көлігін сол жерде қалдырып, өзі жаяу Есіл өзеніне қарай кеткен. Кешке дейін балық аулаған ер адам қармағын жинап, үйіне қайтпақшы болады. Алайда балық аулаудың қызығына түскен ол бағдарын жоғалтып, тым алыстап кетіпті. Өздігінен қайтар жолды таппаған Виктор сағат бір жарым шамасында 112 нөміріне хабарласып, көмек сұрайды. Адасқан балықшы жайында хабар Қызылжар ауданының төтенше жағдайлар бойынша бөліміне, полиция қызметкерлеріне және жергілікті атқарушы органға жеткізілді. Бірден іздеу-құтқару тобы құрылып, құтқарушылар мен полицейлер екі «Нива» көлігімен оқиға орнына аттанды. Құтқарушылар тобын Қызылжар аудандық төтенше жағдайлар жөніндегі бөлім бастығы, азаматтық қорғау майоры Аслан Ахметжанов және бас маман, азаматтық қорғау капитаны Данияр Калелов бастады. Оларға қорықшы жол сілтегенін айта кету керек. Мамандар балықшымен байланыс орнатып, Қарғалы аралын, «Пороховое» көлінің маңын шолып шықты. «Whatspp» бағдарламалық жасақтамасының көмегімен іздеушілер Виктордың орналасқан жерін анықтады. Жоғалған ер адам таңғы сағат 5.00 шамасында Бәйтерек ауылына жетер-жетпес жерде, Есіл өзенінің маңында табылды. Аман-есен табылған ер адам дәрігерлердің көмегінен бас тартып, құтқарушыларына алғысын білдірді.