«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ФИЛИАЛ БАСШЫСЫ ПАРА ҮШІН СОТТАЛДЫ

«Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» республикалық мемлекеттік мекемесі Арықбалық филиалының директоры Леонид Ларионовқа 20 млн. теңгеден астам айыппұл салынды. Бұл туралы «Antıkor ortalyǵy» сервистік орталығының алаңында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өңірлік департаментінің бастығы Ернар Баянғазин хабарлады.

Айыртау аудандық сотының үкімімен «Көкшетау» ұлттық табиғи паркі республикалық мемлекеттік мекемесінің Арықбалық филиалының директоры Леонид Ларионов бірнеше рет пара алу, билік пен лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану, лауазымды адамға заңсыз аң аулау және пара беру фактілері бойынша кінәлі деп танылды. «Бармақ басты, көз қыстылық» әрекетке барған Леонид Ларионовқа параның 35 еселенген сомасы мөлшерінде айыппұл салынды. Бұл – 23,4 млн. теңге. Осылайша, филиал директоры үш жыл мерзімге аң аулауға байланысты қызметпен айналысу, мемлекеттік қызметте және мемлекеттік ұйымдарда, квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.
Департамент басшысының айтуынша, биылғы жылдың маусым айында филиал директоры ағаш дайындауға рұқсат бергені үшін ағаш дайындаушылардан бірнеше рет пара алған. Сондай-ақ парк аумағынан қураған ағаштар мен сүректерді шығаруға рұқсат бергені үшін филиал орманшысынан пара алған.
– Леонид Ларионов шілде айында филиал қорықшысына тыйым салынғанына қарамастан, елік атуға заңсыз нұсқау берді. Бұдан кейін сотталушы ұша мен «Пелядь» балығы бар екі пакетті филиал аумағында орман айналымдары мен көктемгі орман отырғызуға бақылау ревизиясын жүргізу барысында облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысына жалпы қамқорлығы үшін пара ретінде бергені анықталды. Күдікті өзіне тағылған айып бойынша кінәсін толық мойындады, – деді Ернар Баянғазин.
Департамент ұсынымы бойынша сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарын болдырмау жөніндегі жұмысты нашар ұйымдастырғаны және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулердің сақталуын бақылаудың жоқтығы үшін сотталушының тікелей басшысын қатаң тәртіптік жауапкершілікке тарту мәселесін қарастыру ұсынылды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp