
Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған “Еңбек” мемлекеттік бағдарламасының бір бағыты адамдарды еңбек күші мол өңірлерден көшіріп әкеліп, теріскейге түпкілікті орнықтыру. Осы мәселенің жайын білмек болып, аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Нұрболат Ғалымовты әңгімеге тартқан едік.
Оның айтуынша, өткен жылдан бастап оңтүстік жақтардан келушілерге арнап жаңа үйлер салу жоспарланған. Бес елді мекенде 32 баспана тұрғызылып, 57 отбасы қоныстанған. 196 адамның 96-сы жұмысқа жарамды, 46-сы – оқушы, 43-і – мектепке дейінгі жастағы бүлдіршіндер. 84 адам ауыл шаруашылығы құрылымдарына, Уголки темір жол станциясына, аудандық ауруханаға, білім бөліміне, мектептерге, “Саумалкөл жылу” ЖШС-іне, Мәдениет үйіне, дәріханалар мен азық-түлік дүкендеріне тұрақты жұмысқа орналастырылған. 10 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алады.
Жұмыспен қамтамасыз етілмеген жағдайда жергілікті атқарушы органдар қысқа мерзімді қайта даярлау курстарына жолдама беруі шарт. Бағдарлама бойынша кәсіпкер болғысы келетіндерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі. Мәселен, 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қайтарымсыз грант немесе шағын несие алып, жеке кәсібін дөңгелете алады. Көшіп келгендер ішінен бір азамат қайтарымсыз несие ресімдеп, төрт бас сауын сиыр сатып алған. Үкімет көмегіне сүйенген 18 қоныс аударушы мал шаруашылығын дамытуға, құс өсірумен айналысуға, үйде тәтті тоқаштар пісіру қызметіне, тапсырыспен жиһаз жасауға, тігіншілікпен айналысуға кіріскен.
Саумалкөл ауылында 23, Антоновкада 4, Прекрасноеда 11 үйдің құрылысы жүргізілуде. 2065 тұрғыны бар Арықбалық – ірі елді мекендердің бірі саналады. Мұнда салынып жатқан жаңа баспаналардың төбесі жоғары сапалы материалмен қапталған. Ішкі әрлеу жұмыстары аяқталса, орталық жылу жүйесіне қосылатын болады. Биыл еңбек күші мол өңірлерден 36 отбасы (115 адам) көшіп келіп, осында қоныстанды. Оқушылар мен мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндердің көптігі қуантады. 42 адам әртүрлі салаларда жұмыс істейді. 2 отбасыға мемлекет тарапынан жәрдемақы төленеді. Жұмыссыз жүрген бір азамат автомобиль жөндеу қызметін көрсету бойынша қайтарымсыз несие алды. Несие рәсімдеген тағы алты азаматқа нәпақасын айырудың оңтайлы жолдары ұсынылған.
Бағлан ҚОЖАҚОВ.
Айыртау ауданы.