
Солтүстік Қазақстан облысының коронавирус індетінің таралуы бойынша «қызыл аймаққа» енуіне географиялық жағдайы, яғни Ресеймен шекаралас орналасқаны да әсер етуде. Өңірімізде көбінесе Ресейден және басқа да шет елдерден келген адамдар қауіпті індет жұқтырғаны байқалып отыр. 2020 жылдың 6 қазанынан 28 қарашасына дейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекаралық бақылау пункттері арқылы 28498 адам келген. Олардың 7707-сінде ПТР анықтамалары болса, 1837 адам анықтамасыз келген. Олар COVID-19-ға зертханалық тексеру үшін карантиндік стационарларға жатқызылып, 180 адамның талдамасы оң нәтиже көрсетті. Соның ішінде 15-і инфекциялық стационарға жатқызылды және 165 адам амбулаториялық емдеуге жіберілді. 222 шетел азаматына ел аумағына кіруге тыйым салынды. Өйткені олардың қолында ПТР әдісімен тестілеуден өткені туралы анықтама болмаған.
Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, 29 қарашада өңірімізде коронавирустық инфекция жұқтырған 108 адам тіркелді. Соның ішінде 45-інің бойында ауру белгілері бар, 63-інде ауру белгілері жоқ. Жаңа жағдайлардың 33-і – Петропавл қаласында, 27-сі – Қызылжар ауданында, 9-ы – М. Жұмабаев ауданында, 4-еуі – Мамлют ауданында, 13-і – Есіл ауданында, 11-і – Ғ. Мүсірепов атындағы ауданда, 3-уі – Аққайың ауданында, 2-уі – Айыртау ауданында және 6-уы Уәлиханов ауданында анықталды. Жалпы ел бойынша өткен тәулікте 794 адамның бойында коронавирус індеті ПТР арқылы расталды.
Облыста ПТР әдісімен зертханалық талдаулар эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша 102 азаматтан, алдын алу мақсатында 1 азаматтан және эпидемиологиялық қадағалау мақсатында 5 азаматтан алынды. Пандемия басталғалы облысымызда коронавирустық инфекцияға 169370 зерттеу жүргізіліп, 6399-ы немесе жалпы санының 3,7 пайызы оң нәтиже көрсетті. Өткен тәулікте полимераздық тізбекті реакция әдісімен 1728 зерттеу жүргізілді.
Жалпы, өңірімізде COVID-19 індетіне шалдыққан 6399 науқас тіркелді. Соның ішінде 3906-сының ауру белгілері бар және 2493-інің ауру белгілері жоқ. Ел бойынша ауырғандар саны – 131659. Қазір 23 жерлесіміздің жағдайы аса ауыр, 30 науқас қауіпті індеттен көз жұмды, ал 5990 адам емделіп шықты. Ел бойынша өткен тәулікте емделіп шыққандар саны – 274. Жалпы Қазақстан бойынша жазылғандар саны – 116461.