«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қызығушылық ересен

«Nur Otan» партиясының праймеризіне қатысушылар М. Қозыбаев атындағы университеттің студенттерімен онлайн түрде кездесіп, ішкі партиялық іріктеудің қорытындылары және 2025 жылға дейін «Жастар – Отанға!» бағдарламасымен таныстырды.

«Болашақ» филиалы төрағасының бірінші орынбасары Александр Зель өз сөзінде қазіргі кезеңде ел азаматтарының қазақстандық қоғам өміріне белсенді қатысу үрдісі қалыптасқанын, партияішілік қоғамдық іріктеу жастар тарапынан да үлкен қызығушылық тудырғанын атап өтті.
«Президент Қ. К. Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында праймериз қатысушылары сайлаушылардың сайлау алдындағы бағдарламаларына деген ой-пікірлерін сұрастырып білді. Адамдарды толғандыратын тақырыптар іріктеліп, тұрғын үйдің қолжетімділігі, жолдарды жөндеу, көп балалы отбасыларды, аз қамтылған жандарды әлеуметтік қолдау, сондай-ақ денсаулық сақтау мен білім беру деңгейін арттыру мәселелеріне бірінші кезекте көңіл бөлініп, партияның сайлауалды бағдарламасында кеңінен көрініс тапты. 900-ден астам ұсыныс жергілікті бағдарламаларға енгізілді»,–Александр Зель.
   Мемлекет басшысы биыл «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Заңға өзгерістер енгізуді көздейтін Конституциялық заңға қол қойғаны белгілі. Бұл заң бойынша сайлау тізімдерінде 29 жасқа дейінгі әйелдер мен жастар үшін міндетті 30 пайыздық квота болуы шарт. Нәтижесінде праймеризге әрбір бесінші адам қатысу мүмкіндігіне ие болды. 
    Университет студенті Зәмзәгүл Жұматова праймериздің тікелей қатысушысы ретінде алған әсерлерімен бөлісті.
   Оның айтуынша, кездесулер барысында Жұмысшы кенті тұрғындарынан әлеуметтік инфрақұрылымға қатысты көптеген сауалдар келіп түскен. Оларды тұрғын үй және қауіпсіздік мәселесі қатты алаңдататын көрінеді. Бұл ықшамауданда апатты үйлер саны аз емес. Осыған орай тұрғындар, партия және жергілікті атқарушы орган арасындағы байланысты жақындастырудың, тиімділігін арттырудың ықтималды жолдары қарастырылған. Алғашқы праймеризге қатысу ол үшін баға жетпес тәжірибеге айналыпты. Жастық күш-қуатын қоғамға пайдалы іске бағыттауды басты мақсат санайды.
     Іс-шараға қатысушылар «Jas Otan» ЖҚ-ның 2025 жылға дейін арналған «Жастар – Отанға!» бағдарламасын кеңінен талқылады. Ол жөнінде Жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы Біржан Құдайбергенов егжей-тегжейлі айтып берді.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp