«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАҒЫТ СІЛТЕР ТЕМІРҚАЗЫҒЫМЫЗ

Өнер колледжі – музыкалық эстети­калық бейіндегі дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернат кешені ұрпақ тәрбиелеу ісін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Ұлы даланың жеті қыры” және “Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру” бағдарламалық мақалалары негізінде жүзеге асыруда. Бұл еңбектер арқылы біз жастардың бойына патриотизмді, жоғары азаматтық сананы, өз Отанына деген сүйіспеншілікті және Қазақстанның барлық ұлт өкілдеріне деген құрметті сіңіреміз.

Нұрсұлтан Әбішұлының: “Біздің ұлттық салт-дәстүріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бізбен бірге қалуы тиіс. Абайдың даналығы, Әуезовтің қаламы, Жамбылдың жүректен шыққан жолдары, Құрманғазының сиқырлы үндері – бұл біздің рухани мәдениетіміздің бір бөлігі. Ұлттық мәдениетті сақтамай, ешқандай жаңғырту болмайды. Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүріне ерекше көзқарас – бұл патриотизмнің маңызды белгісі. Жаңа буынды жаңғыртудың бірінші шарты – бұл өз мәдениетін сақтау”, – деген сөздерін қаперімізде ұстап, оқу орнымызда ұлттық музыканы насихаттау бағытындағы шараларға зор мән беріп келеміз.
2005 жылы “Арқа сазы” қазақ ұлттық аспаптары оркестрін құрдық. Кейін оның құрамында фольклорлық ансамбль ашылды. Қос ұжым бүгінде осызаманғы сазгерлермен бірге халық композиторларының туындыларын да орындап, жастар арасында ұлттық музыканы насихаттап жүр. Кешенде жетіген, шертер, асатаяқ, қылқобыз, сазсырнай, дауылпаз сияқты фольклорлық аспаптар сыныптары ашылды. Онда білім алып жатқан балалар танымал сазгерлердің туындыларын орындап, шеберліктерін шыңдауда.
2020 жылы қазан айында Үкіметтің қаулысымен біздің оқу орнымызға КСРО-ның халық әртісі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жерлесіміз Ермек Серкебаевтың есімі берілді. Ұстаздар мен студенттер бұл жаңалықты қуана қабылдады. Білім ошағының танымал музыканттың есімімен аталуы бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Алдағы уақытта біз Ермек Серкебаев атындағы түрлі конкурстар ұйымдастыруды жоспарлап, солардың негізінде талантты жастарды тәрбиелеуді мақсат етіп отырмыз.

Рауза КӘШЕНОВА,
өнер колледжі – музыкалық эстетикалық бейіндегі
дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернат кешенінің директоры. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp