«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚОР СТИПЕНДИЯСЫ – СТУДЕНТКЕ СЕРПІН

Мен жуырда Нұрсұлтан Назар­баев Қорының стипендиаты атандым. Қордың стипендиясына қол жеткізу – өзіңнің білімің мен қоғамдық өмірдегі белсенділігіңді дәлелдеуге тамаша мүмкіндік.

Биыл аталмыш республикалық байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен 354 студенттен өтініш түсіп, екі турдың қорытындысында 80 жеңімпаздың есімі анықталды. Сол білімді де белсенді жастардың қатарына қосылғанымды естігенде қатты қуандым. Енді біз бір жыл бойы ай сайын 40 мың теңге көлемінде стипендия алып отырамыз.
Бұл байқауға қатысу үшін кемінде екі курсты нәтижелі аяқтап, академия­лық үлгерімнің жоғары көрсеткіші тіркелуі керек. Сондай-ақ, білім ордасының қоғамдық, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік қызметіне белсенді қатысу қажет. Мәселен, мен 2017 және 2019 жылдары өткен “Қозыбаев оқулары” халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияларына қатысып, мақалалар жаздым. 2018 жылы “Конституциялық патриотизм және Конституцияның үстемдігін қамтамасыз ету мәселелері” атты республикалық эссе байқауында 2-орынды иелендім. Дәл осы жылы университетішілік “Музейдің ең белсенді келушісі” сайысында жүлдегерлер қатарынан көріндім. Осы және басқа да жетістіктерім үшін өткен оқу жылында мен академик Манаш Қозыбаев атындағы гранттың иегері атанған едім. Жалпы, біздің университет студенттерінің бастамаларын әрқашан қолдайды. Сәйкесінше бұл бізді жаңа істерге шабыттандырып, биіктерге ұмтылдырады.
Қазіргі таңда университетте оқудан бөлек, мен “Қазақстанның тұрғын үй-құрылыс жинақ банкінің” қаржылық кеңесшісі әрі “Stretching” бағыты бойынша жаттықтырушы болып жұмыс істеймін. Сондай-ақ, “Елбасы Медалі” жобасының қатысушысымын.
1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа елімізде жастардың дамуына қолдау көрсетіліп жатқаны үшін алғыс айтқым келеді. Қор стипендиаты атану және “Елбасы Медалі” жобасына қатысу бақыты әрбір жасқа бұйырса екен деп тілеймін. “Жастар – еліміздің қазіргі әлемдегі бәсекеге қабілеттілігінің негізгі факторы. Қазақстанның болашағы сіздерге – сіздердің білімдеріңізге, күш-жігерлеріңіз бен патриоттық сезімдеріңізге байланысты. Қазір қолға алынған жұмыстардың бәрі сіздердің бақытты өмірлеріңіз, сондай-ақ, өз әлеуеттеріңіз бен мүмкіндіктеріңізді толық жүзеге асыра алу үшін атқарылып жатыр”, – деген еді Елбасы Жастар жылының салтанатты ашылу рәсімінде.

Самал АМАНГЕЛДИНОВА,
М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дің 4-курс студенті,
Нұрсұлтан Назарбаев Қорының стипендиаты.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp