«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АТАКӘСІП – БЕРЕКЕЛІ НӘСІП

 

Соңғы жылдары елімізде мал ша­руашылығын дамытуды қолға алған шаруашылықтардың қатары артуда. Осыған дейін егіншілікпен ғана айналысып келген, ендігі кезекте мал өрісін кеңейтуді қолға алған шаруалар табысқа кенелуде. Солардың қатарында Ақжар ауданындағы “Бекет” шаруа қожалығы да бар. “Болар бала бесігінде бұлқынар” дегендей, шаруашылық басшысы Марат Шәпенов көзін тырнап ашқалы ауыл төңірегінен ұзаған емес. Осыдан он алты жыл бұрын Ленинград ауылдық округінде құрған шаруашылық бастапқыда тек егін ексе, кейін мал өрісін кеңейтуге ден қойған.

– Жалпы, егіншілік пен мал шаруашылығы бірін-бірі толықтырып отыратын атакәсібіміздің қос саласы екені белгілі. Біз өзімізге тиесілі жердің 7,8 мың гектарына – дәнді, ал 2,6 мың гектарына майлы дақыл сіңіреміз. Сондай-ақ, малға жемазық болатын дақылдар егіледі. Ала жаздай атқарған еңбегіміз зая кеткен жоқ. Бидайдың орташа түсімі гектарынан 20 центнерді құрады. Аграрлық саланың жұмысы ауыр болғанымен, мемлекеттің қолдауының арқасында табысқа кенелудеміз, – деген Марат Мұхамедиярұлы сөзіне күмән келтіру мүмкін емес.
Марат Шәпеновтің мамандығы ауыл шаруашылығы саласына еш қатысы жоқ. Көкшетау педагогикалық институтын тамамдаған соң ауыл мектебінде бірнеше жыл физика және математика пәндерінен сабақ берген. Кейін Көкшетау қаласында заңгер болып жүрген жерінен ауылға оралған. Жеті баланың үлкені болғандықтан, бауырларына қамқор әрі үлгі болу, отбасының тұрмысын жақсартуды өзіне міндет санады. Сондықтан отбасымен Ұялы ауылына көшіп келе атакәсіпті қолға алды. “Бір қозы туса, бір түп жусан артық өседі” дегендей, әр адамның өз несібесі бар. Мал бағумен айна­лысып, оған алтын уақытыңды арнаған соң нәтиже болары сөзсіз. Оның үстіне сол жылдары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы тапсырмасымен “Мүйізді ірі қара етінің экспорттық әлеуетін арттыру” жобасы қарқынды жүзеге асырыла бастаған болатын”, – деп еске алады ша­руа.
Мемлекеттің қолдауынан құлағдар қожалық басшысы асылтұқымды ірі қара өсіруді қолға алу туралы шешім қабылдайды. Алғашында әуликөл тұқымды 72 бас торпақ пен бір бұқа, қазақтың ақбас сиырынан 36 тайынша мен 11 бұзау сатып алады. Әрине, әуликөл тұқымының өзгелерге қарағанда бағасы біршама қымбат. Сондықтан мал алу үшін мемлекет қаржылай көмек береді. Әсіресе, “Сыбаға” бағдарламасының пайдасы көп тиді.
Шаруашылыққа жайылымдық жер бұрынғы “Жаңа тілек” ауылының қотанынан бұйырған. Бұл жер мал шаруашылығы үшін қолайлы, шағын көл бар. Шаруашылық жұмысшылары жұртта қалған қораларды қалпына келтіріп, электр энергиясын тартты. Көпке созбай жол мен су мәселесі де шешімін тапты. Аграрлық саланың екі бағытын қатар ұстаған шаруашылықтың бүгінгі жетістігі ауыз толтырып айтарлықтай. Өзіне тиесілі жердің ырысын көріп, техникалық паркін заманауи көліктермен толықтырған Марат Шәпенов төрт түліктен ірі қара ғана емес, жылқы мен қойдың да санын көбейтуде. Бүгіндері қорасында 2420 бас ірі қара және 1125 жылқы бар.
Шаруа 2017 жылдан бастап сүт өндіруге бет бұрды. Дәуіт ауылы­ның маңында иесіз жатқан жерді кәдеге жаратып, мал шаруашылығы кешенін тұрғызды. Жобаға 1,3 млрд. теңге инвестиция құйылды. Заманауи құрал-жабдықтар орнатып, желіні жер иіскеген 600 бас симменталь сиырын сатып алды.
– Бұл жобаны мемлекет қолдауынсыз жүзеге асыру мүмкін емес еді. “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында екінші деңгейлі банктердің бірінен несие ресімдеп, Үкіметтен демеуқаржы алдық. Кешен барлық талаптарға жауап береді. Сауыншыларымыз Германиядан жеткізілген “Вестфалия” фирмасының соңғы үлгідегі қондырғыларының тілін тез меңгеріп алды. Арнайы орынға 24 сиыр бірден енгізіліп, бар болғаны 7 минутта сауылады. Сүт сапасы да, майлылығы да назарға алынған. Екі жыл ішінде төккен теріміз еш кеткен жоқ. Бүгінгі таңда 80-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Жұмысшыларының орташа айлық жалақысы 120 мың теңгені құрайды, – дейді шаруашылық басшысы.
Кешендегі заманауи құрылғыларға арнайы оқудан өткен үш ма­ман жауап береді. Жұмыстың басым бөлігі автоматтандырылған. Бүгінде фермада күніне 900-1000 литрге дейін сүт сауылады. Оны күн сайын “Гормолзавод” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сатып алады. Ауыл десе жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген кәсіпкер алдағы уақытта сүтті тереңдете өңдеп, айран, қаймақ, ірімшік шығаратын зауыт салуды жоспарлауда. Кәсіпкер былтыр 900 басқа шақталған бордақылау алаңын ашқанын атап айтқан жөн.
Сондай-ақ, қожалықта былтырдан бастап жылыжай ашылған болатын. Онда мал азығына қоспа ретінде пайдаланылатын арпа өсіріледі. Мақсат – жасыл әрі пайдалы жемазық алу. Оны жемге қосу арқылы сиырлардың сүттілігін арттыруға болады екен. Фермер биыл тағы бір ірі жылыжайдың құрылысын бастады. Оған көкөніс пен жеміс-жидек егілмек. Осылайша, тауарды сырттан әкелмей, аудан тұрғындарының сұранысын қанағаттандырмақ ниетте.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” бағдарламалық мақаласы жарияланғаннан бері ел игілігі жолындағы бастамалардың да маңызы арта түскені белгілі. Нәтижесінде туған жерін көркейтуге ниетті азаматтардың қатары көбейді. Қайырымдылық іс-шараларының басы-қасында жүретін “Бекет” шаруа қожалығының директоры Марат Шәпенов Горький орта мектебіне көмек көрсетуде. Кәсіпкер жылыту қазандығын тұрғызуға – 12, мектепті жөндеуге қажетті жобалық-сметалық құжаттаманы дайындауға 3 млн. теңге бөлген. Сондай-ақ, аудан орталығындағы жасөспірімдер үйінің тәрбиеленушілерін қамқорлығына алғанын атап айтқан жөн. Елді мекеннің әлеуетін көтеруге атсалысып жүрген кәсіпкер оңтүстіктен қоныс аударушыларды жұмысқа алып, оларға арнап баспана тұрғызуда. Бүгіндері іші жылы әрі кең 12 тұрғын үй салынса, алдағы уақытта тағы 12 баспана тұрғызылмақ.
Марат Шәпенов кәсіпте қол жеткізген жетістігіне дән риза. Ауыл шаруашылығын қолдаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа деген алғысы шексіз. Себебі, Тұңғыш Президенттің бастамасымен жүзеге асырылған “Агробизнес – 2020” және “Бизнестің жол картасы – 2020”, “Сыбаға”, “Құлан” және “Алтын асық” бағдарламалары көптеген қарапайым ауыл тұрғындарының арманын өміршең қылғаны сөзсіз.
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp