
Өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен инвестициялық жобалар жөніндегі өңірлік кеңестің кезекті отырысы өтті. Алқалы жиында облысымызда жүзеге асырылып жатқан тың жобаларға онлайн тур ұйымдастырылды.
– Жылды оң көрсеткішпен аяқтағалы отырмыз. Өткен жылдың соңында біз облыста ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыра бастаған болатынбыз. Алайда, әлемдік пандемия біраз қиындық туғызып, жоспарымызға өзгеріс енгізуге тура келді. Десе де, коронавирусқа қарамастан бұл жұмыстар тоқтатылған жоқ. Бүгін қоғам өкілдері, журналистер, блогерлер және тікелей эфирде қарап отырған өңір тұрғындары жыл бойы атқарылған жұмыстарымыздың нәтижесімен таныса алады, – деді Құмар Іргебайұлы.
Үстіміздегі жылдың 11 айында әлеуметтік-экономикалық салада айтарлықтай табыстарға қол жеткізілді. Жыл басындағы міндеттемелердің барлығы кезең-кезеңімен орындалып жатыр. Аталмыш кезеңде өңірге 202 млрд. теңгенің инвестициясы тартылды. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, өткен жылдың сәйкес мерзімдегіден 20 пайызға артық. Бұл өңірде тың жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Бір атап өтерлігі, аталмыш қаражаттың басым бөлігі ауыл шаруашылығы саласына тиесілі.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов өз баяндамасында жүзеге асырылып жатқан жобаларға тоқталды. Соңғы уақытта ет, сүт өндіру көлемі ұлғайды. Бұл бағытта Тайынша, Қызылжар, Шал ақын, Аққайың, Уәлиханов, Жамбыл, Ақжар және Тимирязев аудандарында белсенділік жоғары. Қазіргі уақытта, негізінен, алқаптарды әртараптандыру, тауарлы-сүт фермаларын салу және еңбек өнімділігін арттыруға басымдық берілуде. Атап айтқанда, биылғы желтоқсан айында “Арна” (400 бас, 1 млрд.) шаруа қожалығының, “Қызылжар сүт” (720 бас, 3,3 млрд.) “Ноғайбай” (600 бас, 1,8 млрд.), “Астық сату компаниясы” (1 мың бас, 2 млрд.), “Иван Зенченко” (1600 бас, 1,4 млрд.), “Полуденное” (400 бас, 1 млрд.) жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің, “Бүркіт” (200 бас, 150 млн.) ауыл шаруашылығы кооперативінің сүт фермалары пайдалануға беріледі. Ал “Ебжанов (400 бас, 800 млн.), “Астық Привольное” (600 бас, 1,7 млрд.), “Әдемі астық” (400 бас, 800 млн.) және “Петропавл бройлері” (2,5 млрд.) ЖШС-лерінің жобалары келесі жылдың еншісінде қалмақ. Қазір бұл нысандарда құрал-жабдықтарды орнату және құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Келесі жылы 5 мың басқа арналған 10 тауарлы-сүт фермасының құрылысын жүргізу жоспарланған. Бұл 300 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Ал жобаларға тартылатын инвестиция 12 млрд. теңгені құрайды деп күтілуде. Бұдан бөлек, екі бордақылау алаңы салынып, “МС Агро” ЖШС-нің шошқа фермасы 100 мың басқа дейін кеңейтілмек.
“РимКаз-Агро” ЖШС-нің 3,5 млрд. теңгелік заманауи жылыжай кешенінің құрылысы жалғасын табады. Нысан пайдалануға берілген соң 50 жұмыс орны ашылады.
Жиында облыс әкімінің орынбасары Дәурен Жандарбектің өндіріс саласы бойынша жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар туралы баяндамасы тыңдалды. Оның айтуынша, соңғы жылдары өңірде аграрлық-индустриялық экономикаға басымдық берілуде. Нәтижесінде “Qyzyljar” еркін экономикалық аймағы құрылып, трансформаторлар, ауыл шаруашылығы техникалары, тамақ өнімдерін шығаратын кәсіпорындар тұрғызылуда. Бұл мақсатқа 160 млрд. теңгеден астам инвестиция тартылған. Нәтижесінде үш мың жаңа жұмыс орны құрылатын болады. Қазіргі уақытта арнайы экономикалық аймақта үш жоба сәтті жүзеге асырылуда. Солардың ішінен ауыл шаруашылығы техникаларын шығаратын “Claаs” компаниясының жаңа зауытын атап айтуға болады. Шетелдік компания биыл ескі ғимаратты қалпына келтіру, асфальт-бетон жамылғыларын төсеу жұмыстарын жүргізді. Жаңа зауыт өз өнімдерін нарық бағасына қарағанда 50 пайыздық жеңілдікпен саудаламақ. Трансформатор шығаратын “Alaqeum Elektric” компаниясы да арнайы экономикалық аймақта құрылысын жүргізуде. Ірі жоба толығымен іске қосылған соң үш жүз жаңа жұмыс орны ашылады. Өнімнің тоқсан пайызы шетелге экспортталады деп күтілуде. Ал түркиялық “YDA Holding” компаниясы тұрғызып жатқан көпбейінді аурухана 2022 жылы пайдалануға берілуі тиіс. Заманауи ғимараттың жалпы құны 115 млрд. теңгені құрайды. Ауруханада 350 жаңа жұмыс орны ашылмақ.
Кеңесті қорытындылаған Құмар Ақсақалов бірқатар маңызды мәселелер мен алда тұрған міндеттерге тоқталды.
– Тұтастай алғанда, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы оң қарқынға ие екенін көріп отырмыз. Бүгінге дейін облыста жалпы ауданы 300 мың шаршы метр болатын түрлі нысандар бос тұрды. Қазіргі уақытта соның 109 мың шаршы метрінде жаңа өндіріс орындары ашылды. Алдымызға қойылған міндет ауқымды. Қалған бос нысандарды да іске қосу бойынша жұмыс жалғастырылады. Қиындықтарға қарамастан, жоспарды аяғына дейін жеткіземіз. Қазір мүмкіндігіміз мол, қажетті қаражат бар. Өңірге инвесторларды тарту бойынша үлкен жұмыс атқаратын боламыз, – деді Құмар Іргебайұлы.
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.