
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов жұмыс сапарымен Қызылжар ауданында болды.
Алдымен өңір басшысы аудандық әкімдіктің алдына қаз-қатар тізілген 20 реанимобильдің мүмкіндіктерімен танысты. Заманға сай жабдықталған көліктер аудандарға таратылып берілмек. Екі ай бұрын облыс орталығындағы автопарк те осындай 18 реанимобильмен толыққан еді. Осылайша, бүгінгі таңда өңірдегі “Жедел жәрдем” көліктерінің саны 59-ға жетті. Енді ауылдықтарға уақтылы жәрдем жасау қиындық туғызбайды. Облыстық жедел медициналық қызмет орталығының бас дәрігері Асхат Өтебаевтың айтуынша, “темір тұлпарлар” соңғы үлгідегі қондырғылармен жабдықталған. Мәселен, көліктердің ішіне жасанды тыныс алу аппараты, жаңа туған және шала туған нәрестелерді тасымалдауға арналған капсула, монитордефибриллятор және электросорғыштар орнатылған. Мұндай жабдықтардың, әсіресе, қазіргі пандемия жағдайында сырқаттарға жедел көмек көрсетудегі пайдасы өте зор. Яғни, “Жылжымалы реанимацияның” мамандары науқасты емдеуді ауруханаға бара жатқан жолда бастайтын болады.
– Үстіміздегі жылдың басында өңіріміздің жедел жәрдем қызметі көлікпен 76 пайызға қамтылған болатын. Бүгін біз бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткіздік. Облыс аумағында карантиндік сақтық шараларын күшейтудің эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыруға оң әсер етіп жатқандығын да айта кету керек. Мәселен, бір аптадан астам уақыттан бері науқастар санының күрт өскені, сондай-ақ, ауыр науқастардың және оттегіге мұқтаждардың артуы байқалмады, – деді Құмар Іргебайұлы.
Бұдан кейін Құмар Ақсақалов Бескөл ауылындағы үш қабатты тұрғын үйде тұратын Ольга Склярованың шаңырағында болды. Іргетасы 1970 жылы қаланған көппәтерлі үй былтыр орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосылыпты. Соған дейін отын мен көмір сатып алып, біраз шығындалып келген кейуана енді сол қиын күндер артта қалғанына және жертөледен сыз иісі сезілмейтініне дән риза. Өңір басшысы соңғы екі жылда Бескөлдегі 85 көпқабатты үйдің 56-сына жылу берілгенін, қалған үйлер орталықтандырылған жылыту жүйесіне келесі жылы қосылатынын жеткізді. Одан бөлек, 20 әлеуметтік нысан, 20 жер үй және 4 дүкен жылумен қамтамасыз етілген. Алдағы уақытта Оңтүстік-Шығыс шағынауданындағы 100 жер үй мен мектепті де аталмыш жүйеге қосу жоспарланған.
– Биыл өңірімізде ауылдық үйлерді орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосу бойынша ауқымды жұмыс атқарылды. Жыл басында біз 53 көпқабатты үйге жылу беруді жоспарласақ, қазіргі уақытта Бескөл, Сергеевка және Явленкада 57 көпқабатты үй жылумен қамтылды. Бұл үйлерде 2,1 мың адам тұрады, – деді Құмар Іргебайұлы.
Іссапар соңында Құмар Ақсақалов Подгорное ауылында салынып жатқан кірпіш зауытының құрылысы барысымен танысты. Жергілікті инвестор жобаны жүзеге асыруға 1,5 млрд. теңге бөліп отыр. Жаңа өндіріс орнында 60 солтүстікқазақстандық еңбек ететін болады. Зауыт толық қуатында жұмыс істеген жағдайда тәулігіне 150 мың кірпіш шығарылмақ.
Облыс әкімінің айтуынша, 2021 жылы өңірімізде көпқабатты тұрғын үйлер салу үшін 67 миллион кірпіш қажет болады. Аталмыш кірпіш зауыты жылына 27 миллион дана өнім өндіре алады. Осылайша, облыстың кірпішке деген сұранысының 40 пайызы қанағаттандырылады деп күтілуде. Қазір құрылысшылар кірпішті басқа аймақтардан сатып алуға және жеткізуге мәжбүр. Ал өңірде шығарылатын өнім құрылыс компанияларына арзанға түсетін болады. Сәйкесінше бұл жаңа баспананың бағасына оң әсерін тигізеді. Құрылыс жұмыстарын келесі жылдың мамыр айында аяқтау көзделіп отыр.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.
Суреттерді түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.