Сарапшылардың пікірі бойынша, газ құрылғыларының техникалық жағынан тозуы және оларды пайдаланушылардың салдыр-салақтығы көп жағдайда жарылыстарға әкеліп соқтыруда. Өрт қауіпсіздігінің қарапайым ережелерін білмеудің, яки елеп-ескермеудің салдарынан осындай оқиғалар орын алады.
Сұйылтылған газдың буы ауамен салыстырғанда, шамамен, екі еседей ауыр. Бөлменің төменгі және желдетілмейтін бөлігінде жиналуы мүмкін. Ауада таралу жылдамдығы нашар. Оның негізгі компоненті – пропан. Метан сияқты пропан да –түссіз, иіссіз газ. Өте жанғыш және жарылғыш. Бөлме 2-11 пайыз газбен толтырылған кезде пропан жарылғыш қасиетке ие болады. Жарылыс статикалық электрден туындаған ұшқыннан да туындайды. Ол ауаға көп мөлшерде тараған кезде адам оттегінің аздығынан тұншығуы мүмкін. Адамды ұйқы қысып, жүрегі айнуы, басы ауырып, бойында әлсіздік пайда болады.
Әдетте, сұйылтылған газ ауаға тарағанда иісін бірден сезуге болады. Алайда, жер астындағы құбырдан шығатын газдың қауіптілігі жоғары. Себебі, ол жер бетіне шыққанға дейін бірнеше сүзгіден өтеді. Нәтижесінде иістерден айырылады. Сондықтан ауадағы газ құрамын тек анализатор құралының көмегімен ғана анықтауға болады. Сондай-ақ, газ жарылысы орын алған кезде өрт шықпайтынын атап айтқан жөн. Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, жарылыс өте қысқа мерзімде болатындықтан, бөлмедегі заттар мен жиһаздар жанып үлгермейді. Ал тұтанған газ лезде сөніп қалады. Екіншіден, жарылыс кезіндегі жоғары қысым бөлмедегі жалынды сөндіріп тастайды. Осыған байланысты нысандағы есіктер, терезелер мен люктер сыртқа қарай ашылатындай етіп орнатылады. Яғни, жарылыс кезінде жалынның жолында ешқандай кедергі болмауы тиіс. Бұл жарылыстың әсерін азайту үшін жасалған.
Қайғылы оқиғаларға ұрынбау үшін өрт қауіпсіздігі ережелерін ұстанып отырған дұрыс. Атап айтқанда, газ таратушы ұйымнан оны қауіпсіз пайдалану бойынша нұсқау алу керек. Газ аспаптарының, түтіндіктердің және желдетудің қалыпты жұмысын қадағалау, газ аспаптарын қосқанға дейін және оны орнату кезінде тексеру, газды пайдалану аяқталғаннан кейін крандарды, асүйлердегі баллондардың вентильдерін жабу қажет. Аталмыш жабдықтардан ақау шыққан кезде «104» телефоны арқылы газ шаруашылығы кәсіпорнының қызметкерлеріне хабарласу керек. Сондай-ақ, жертөлелерде электр жарығын қоспас бұрын газ иісінің жоқтығына көз жеткізу қажет. Бір айдан астам уақытқа жол жүрер болсаңыз газ шаруашылығы кәсіпорнын хабардар еткен жөн.
Арман БӘСЕНОВ,
Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті облыстық департаментінің бас маманы.