«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ПРЕЗИДЕНТТІК ШЫРША — ЕРЕКШЕ ФОРМАТТА

Биылғы Жаңа жыл бұрынғыдан өзгерек. Пандемияға байланысты дәстүрлі Президенттік шырша онлайн форматта өтіп, облыс әкімі Құмар Ақсақалов өңірдегі балақайларды мерекемен қашықтан құттықтады. Ал Аяз ата мен Ақшақар өнерлі өрендердің үйіне барып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан сыйлықтар үлестірді.

Балалар үшін бұл қуанышты күннің орны ерекше. Жыл сайын олар бірлесіп, түрлі түсті шамдармен безендірілген, төбесі көк тіреген шыршаны айналып би билейтін. Биыл мұндай мүмкіндік тумаса да, балғындар мерекелік бағдарламаны теледидардан тамашалады.

– Биыл ерекше жыл болды. Пандемияға байланысты кейбір оқушылар мектепке бармай, үйде оқуда. Шырша да онлайн форматта өтіп жатыр. Бүгін теледидар алдына өңіріміздің үздік әрі талантты оқушылары жиналды. Барлығыңыз еліміздің Тәуелсіздігі жылдарында өмірге келіп, жас мемлекетімізбен бірге жетіліп келе жатырсыздар. Келер жылы біз ел егемендігінің 30 жылдығын атап өтеміз. Осы жылдар ішінде сіздердің дамуларыңыз үшін барлық жағдай жасалды. Жаңа білімге ұмтылып, шет тілдерін меңгеріңіздер. Еңбекқорлық пен білмекке құмарлық барлық бастамаларыңыздың жүзеге асуына септеседі. Жаңа жыл мерекесі сіздерге тек қана қуаныш алып келсін. Ойлаған армандарыңыз орындалсын, – деді Құмар Іргебайұлы.

Президенттің атынан сыйлық алғандардың бірі – “ЛОРД” дарынды балаларға арналған облыстық мектеп-лицей-интернатының оқушысы Әйгерім Есманова. 10 жасар қыз – оқу озаты. Сабақтан тыс уақытта музыка, көркем гимнастика және шахмат үйірмелеріне қатысады. Осындай белсенділігі үшін Аяз ата мен Ақшақар оған планшет сыйлап, мейірім шуағына бөледі.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp