Дүниежүзілік бокс кеңесі («WBC») 2020 жылдың қорытындысы бойынша үздік боксшыларды анықтау үшін дауыс жинауды бастады. Халықаралық ұйым солтүстікқазақстандық боксшы – Евгений Павловты (3-0, 2 КО) болашағынан зор үміт күттіретін боксшылар тізіміне қосты.
Спорт порталының мәліметінше, жеңіл салмақта бақ сынап жүрген 21 жастағы спортшы «Жыл проспекті» аталымында сынға түседі. Сондай-ақ, бұл атаққа Бек Нұрмағанбет, Себастьян Фундора, Дэвид Пикассо, Элвис Родригес және Габриэль кіші-Флорес таласпақ.
Жерлесіміз кәсіпқой бокстағы дебюттік жекпе-жегін Беларусияның астанасы – Минск қаласында өткізіп, венгрлік Патрик Хорваттан (1-1) басым түсті. Ал соңғы кездесуін 2020 жылдың 17 желтоқсанында Нұр-Сұлтан қаласында өткізді. Евгений Павлов бұл кездесуде филиппиндік Алие Лаурелді төрешелірдің шешімімен жеңді.
Сонымен қатар Дүниежүзілік бокс кеңесі «Жыл нокауты», «Жыл жекпе-жегі», «Жыл бапкері», «Жыл боксшысы» және тағы басқа аталымдарда үздіктерді анықтайтын болады.
Қанат АТАМАНОВ,
«Soltústik Qazaqstan».