«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АШАРШЫЛЫҚ ТУРАЛЫ АҚИҚАТ ашық айтылып, ғылыми тұрғыдан баға беретін кез келді

Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін тарихымыздың ақтаңдақ беттері ашылып, шынайы баға беріле бастады. Қазақ халқы басынан өткерген зұлматтардың бірі – ашаршылық. Оның ауыр зардаптарын аға ұрпақ ұмыта қойған жоқ. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев “Тәуелсіздік бәрінен қымбат” атты мақаласында: “Миллиондаған адамды қазаға ұшыратып, тірі қалғанын жан сауғалап босып кетуге мәжбүр еткен алапат ашаршылықтың алғашқы кезеңі – 1921-1922 жылдардағы нәубеттен бері 100 жыл өтті. Сол зұлматтың кесірінен қырылып қалмағанда, халқымыздың саны қазіргіден әлденеше есе көп болар еді”, – дей келіп, тарихымыздың осы ақтаңдақ беттері әлі күнге дейін жан-жақты зерттелмей келе жатқанын еске салған болатын.

Осынау қайғы-қасірет одақ құ­рамында өмір сүрген халықтар­дың ортақ трагедия­сына айнал­ды. Соның ішінде қазақ халқы­ның сұм ажал шеңгеліне көбірек ілігіп, қынадай қырылғанын архив құ­жаттары да, көнекөз қариялардың естеліктері де айғақ­тайды. Жа­қында елордадағы Ұлттық ака­де­миялық кітапханада “Азаттық жо­лын­да­ғы ақтаңдақтар: Ашаршы­лық зардапта­ры­на шынайы тари­хи көзқарас” деген тақы­рыппен өткен “дөңгелек үстелде” қазақ да­ла­­сының барлық өңірлерін жай­лаған ашар­шылық зардаптары, се­бептері мен салдар­лары жайлы тағылымды ойлар айтылып, тұ­шымды пікірлер ортаға салынды. Бірақ сөйлеушілердің ешқайсысы да қанша адам аштықтан бұра­ты­лып өлгені жайлы нақты деректер келтіре алмады. Оның бір себебі – ашаршылыққа мемлекет тара­пы­нан тиіс­ті баға берілмей келсе, екіншіден, бұл мә­се­леге тікелей қатысты архив құжаттары­ның әлі де құпия түрде ұсталуында. Әри­не, “Жаппай қуғын-сүргін құрбан­дарын ақтау туралы” Заң аясында бірқыдыру істер атқа­рылды. 31 мамыр – Ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып белгіленді. Енді ашаршылық тақы­рыбын бөлек зерттеп, жүйелеу, деректер­мен толықтыру, мұрағат құжаттарына қол жеткізу – кезек күттірмейтін жұмыстардың бірі.
“Батыс Сібір шаруаларының көтерілісі” деген атпен тарихта қал­ған бүлік Қазақ ав­тономиялы республикасын құруды біраз ке­шеуілдеткені белгілі. Шаруалар толқуы күш­пен басылған соң, 1921 жылы 21 сәуірде Ақ­мола гу­бер­ниясы құрылып, орталығы ре­тінде Петропавл қаласы таңдал­ды. Губер­нияның жоғарғы өкімет органы – атқару ко­митетінің төрағасы болып Әбдірахман Әй­тиев сайланды. Құрылтайға Қазақ орталық атқару комитетінің аты­нан қатысқан Сма­ғұл Сәдуақасов құттықтау сөз сөйледі. Осы­лайша, солтүстік өңірді мекендейтін ұлт­тар бір-біріне туыс-бауырлық ниет­терін білді­ріп, арқа-жарқа бо­лып жатқанда “төтеннен” киліккен аштық Қазақстандағы жағдайды күрделендіріп жіберді. Еділ бойы­ның, басқа губерниялардың тұр­ғын­дары жан сауғалап Түркістан республикасына, Ақмола, Семей жақтарына қарай шұбырды. 1916 жылы қазақ жастарын тыл жұмыс­тарына алу, ша­қырылғандардың бас сауғалап қашуы, ха­лық нара­зы­лығының өршіп, Торғай төңі­ре­гін қамтыған ұлт-азаттық күрес, ала­сапы­ран азамат соғысы, ер-азаматтардың ат үс­ті­нен күн-түн түспеуі қалыптасып келе жат­қан шаруашылық жүйесін тоқырауға ұшы­ратты. Оған 1920 жылғы жұт пен 1921 жыл­ғы құрғақшылық қо­сылып, ауыл шаруа­шы­лығын тұ­ра­латты. 1921 жылғы наурыздағы мәліметтер бойынша Орал губер­ниясында тұратын 470028 адам­ның 446536-сы, яғни 99 пайызы аштықтан босып кеткен. 1922 жыл­дың қаңтарындағы деректерге қа­ра­ған­­да, Орынбор губерния­сын­да – 437776, Қос­танай губерния­сында – 252816, Ақтөбе гу­берния­сында – 359326, Орал губер­ния­сын­да – 277835, Бөкей губер­ния­сында – 100 мың, Адай уезінде 75 мың адам ашар­шы­лық­қа ұшыра­ған. Ақмола губерния­сын­да 1021 мың адамның үштен бірі тентіреп кеткен.
Солтүстік Қазақстан облыстық архивінің құ­жаттарына сүйенейік: “1921 жылдың ая­ғын­да аш бос­қын­дар күн санап көбейіп, са­ны отыз мыңнан асып кеткен. Атба­сар және Көкшетау уездерінде жергілікті 62 мың қазақ пен 30 мың орыс бір үзім нанға қарап қалған. 1922 жылы қаңтардың алғашқы 25 күнінде Петропавлда 70 адам аш­тан өлген, 105 адам ісіп-кеуіп кет­кен. 70 адамның мә­йіті тамақ пунк­тінің қорасына үйілген. Ком­муналдық щаруашылық бөлімі аш­тан өл­ген­дерді жинап, көмуге үл­гер­меген. Ақпан айында жағдай тіп­ті асқынып кеткен. Халық күннің суығына қарамастан Қазақстан­ның солтүстігінен орталығына қа­рай жөңкіле көшкен. Тоқтату еш мүмкін болмаған”. Міне, сол кез­дегі көрініс осылай сипатталады.
Көкшетау уезіндегі болыстар­да аш-арық­тардың саны 150 мың адамға жеткен. Одан 130304 адамның жүріп-тұруға халі кел­меген. Қолға не түссе, сонымен қо­рек­тенген. Қайыңның қабығын, ағаш­тың мүгін, арам өлген мал­дар­­дың терісін, сүйегін тал­ғажау еткен. 1922 жылы 5 мамырда Қы­зыл­жар­да аштыққа қарсы күрес жөніндегі тө­тен­ше комиссияның шұғыл түрде мәжілісі өтіп, Көкше­тау, Атбасар, Петропавл уез­де­рінде орналасқан қазақ ауылда­ры­ның қиын жағдайы тұңғыш рет ашық айтылды. Қа­был­данған қау­лыда аштыққа қарсы күрес комис­сиясының құрамына қазақтардан адам кіргізу туралы Мағжан Жұ­ма­баевтың ұсынысы қабылда­нып, ақынның өзі комис­сия төр­ағасының орынбасары болып бе­кі­­тіл­ді. Өкілдер мал мен астық жи­науға жер-жерлерге жіберілді. Бұл жұмысқа Ерденов, Бегішев, Бай­ғазин, Төкібаев секілді аза­мат­тар да жұмылдырылды. Сарыайғыр, Кел­тесор, Тайынша, Жамантұз, Торанғұл бо­лыстарында аштыққа ұшырағандарға кө­мек көрсетілді. Тізім жасалып, азық-түлік қо­ры есепке алынды.
Азық-түлік жиналып, көмектің 75 па­йызы Қызылжарға жеткізілді. Мағ­жан Жұмабаевтың ара­ласуы­мен губерниялық әскери комис­сар Приморский қазақтың 100 же­тім бала­сын қамқорлыққа ал­ды. “Мир труда” газе­тіне жариялаған ма­қаласында ақын қа­зақ дала­сын­дағы аштықтың тұтас ұлтқа қа­тер төндіріп отырғанын ашық жаз­ды. “С осе­ни 1921 года наша Ак­мо­линская гу­берния сделалась аре­ной смертного шествия не­мо­го царя. С тех пор киргизы нашей губер­нии на почве голода пере­жи­вают те же испытанья и страда­нья, како­вым в течение двух лет подвергнуты их бра­тья в верхних губерниях Киргизской Рес­публи­ки. Перед мной лежат официа­ль­ные отношения нес­кольких Кир­гиз­ских волис­пол­комов Петро­павловского и Кокчетав­ского уез­дов. Име­на­линский волисполком пишет: “В нашей волости голод начал сильно чув­ствоваться с ноя­бря 1921 года. Все бедное насе­ление волости до осени, съев весь свой скот, всю зи­му поголов­но занималось скотокрадст­вом. Небывалый джут прошлой зимы ско­сил почти весь скот, каковой сократился до 70 процентов. Люди пухнут и умирают….На почве голода разрушается, кир­гизские хо­зяйства и сам народ под­вергнут нравствен­ному раз­ло­же­нию. Пора услышать стон Сары-Арки и понять полное страданий жуткое молчание киргизского на­рода”, – деп ақиқатын айтты.
Билік ел ішіндегі жағдайдың одан әрі ушығып бара жатқанын білсе де, шарасыз еді. Ақыры шегінерге жер қалмағанын тү­сінді ме, әлде аштықты жою ісіне қалың қа­зақты жұмылдыра бастаған алашордашы­лар ықпалынан сес­кенді ме, ұлт зиялыла­рына өзге аймақтардан көмек, жылу жинап, ашыққан аймақтарға көмектесуге рұқсат берді. Осылайша, кеңес үкіметі ашаршы­лық­қа қарсы кү­ресті жеделдетуге мәжбүр бол­ды. Егін шықпаған аудандардың тұр­ғындары азық-түлік салығынан, көш­пенді, жартылай көшпелі ха­лықтар ет салығынан босатылды. Аз-аздап тұқымдық астық бе­рілді. 1921 жылы 14 маусымда В. Ле­нин­нің “Нақты ет салығы” декреті шықты. Ауыл ша­руашылығы ма­ши­налары мен құралдарын сатып алу үшін 25 млн. сом бөлінді 575 балалар үйі, 9 балалар баспа­насы ашыл­ды. Мал сатып алуға 2 млн. 131 мың сом қарастырылды.
Тарихшылардың аштық эконо­ми­калық, табиғи-климаттық қана емес, сонымен қа­тар саяси себеп­терден де туындаған деген пікір­лері негізсіз емес. Тұрар Рысқұ­лов Түр­кістан кеңестерінің төтен­ше съезінде сөй­ле­ген сөзінде 1918-1919 жылдары қырыл­ған қа­зақтардың саны 1 млн. 214 мың адам десе, сол кезде ашаршы­лық­пен күрес ко­мис­сиясы құра­мында жүрген Мұхтар Әуе­зов 1921 жылғы ашаршылықта 1 млн. 700 мың қазақтың опат болғанын айтады. Та­рих ғылымдарының док­торы Талас Омар­бек 1921-1923 жылдар аралығында ауыл хал­қының саны 31,4 пайызға ке­міп кетті деген цифрлар келтіреді. Қалай десек те, экономикалық залалдары мен демогра­фиялық шығындарын болжау қиын.
Мемлекет басшысының “Тә­уел­сіздік бә­рінен қымбат” мақала­сында атап өтілген­дей, ала-құла де­ректер және оның себеп-сал­дары жайлы әртүрлі көзқарастар қо­ғамды адастырады. Осы себепті алда тиіс­ті тарихи құжаттарды, жи­налған мәлімет­терді аса мұқият зерделеу міндеті тұр.

Сәуле МӘЛІКОВА,
Солтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік архивінің директоры,
тарих ғылымдарының кандидаты.

 

 

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp