Менің қайын атам – Өскенбай Өмірбеков 1914 жылы Мамлют ауданының Меңгесер көлі маңындағы Көксау дейтін жерде дүниеге келген. Ауылда ұжымшар, кеңшардың қалыптасуына 4 сыныптық білімімен өз үлесін қосты. 1938 жылы Хасан шайқасына қатысып, 1942 жылы Ұлы Отан соғысына аттанады. Сталинградты жаудан азат етуде ерлік көрсеткен ол Калинин майданынан кейін, 2-ші Балтық теңізі шайқасында сол қолынан жараланып, 1944 жылы наурыздың 14-і күні госпитальға түседі. Қан майданға Көксаудан 70 жауынгер аттанды. Соның 37-сі ұрыс даласында қаза тапты. Елге оралғандары бейбіт заманда қажырлы еңбек етті.
Бүгінде Ұлы Отан соғысының от жалынында шыңдалған майдангерлер қатарының күн сайын сиреп бара жатқанын көріп отырмыз. Бірақ от пен оқтың ортасында жан алысып, жан беріскен аға буынның ерлігін кейінгі ұрпақ ұмытпауы тиіс. Мен – саналы ғұмырымды ұрпақ тәрбиелеуге арнаған ардагер ұстазбын. Мектепте қызмет етіп жүрген жылдары патриоттық тәрбие сағаттарын жиі өткізетінмін. Шәкірттеріме майдангер аталарымыздың ерлігін үлгі еттім.
Отты жылдар жаңғырығы туралы сөз қозғағанда атам Өскенбай Өмірбеков пен ауыл азаматы Зинат Хамзин сынды ардагерлердің естеліктері ойға оралады. Зинат атай бойы ұзын, жауырынды кісі болатын. Оның: “Мен соғыста жаудың әскерлерін есінен тандырып, штабқа жеткізетінмін. Фашистердің маңызды жоспарларын іске асыртпай, шабуыл жасап, әскерін жойып жіберіп отырдық”, – дегені есімде қалыпты. Жау тылында партизан қызметін атқарған осындай майдангерлердің ерлік істерін қалайша үлгі етпеске?! Атам Өскенбайдың да майданда снаряд жарылып, қолын қалай жұлып әкеткені туралы айтқан әсерлі әңгімесі әлі күнге жадымда. “Оқ қар жауғандай борап жатты, бас көтертпейді. Снаряд жарылысы сәл баяулаған кезде “Алға!” деп орнымнан тұра жүгірдім. Қалай болғанын өзім де түсінбей қалдым. Бір кезде алаңда қансырап жаттым. Сол жақ қолым жұлынған екен. Денемді қан жуып кетті. Медбике мені көрді де, өлді деп ойлаған болар, теріс бұрылып кетуге ыңғайланды. Сол кезде оң қолыммен мылтықты кезеп, құтқаруын сұрадым. Әрі қарай не болғанын білмеймін. Оянсам, госпитальда екенмін”, – деген ерлікке толы естелігі тыңдап отырған бізді бейжай қалдырмайтын.
Қайын атам 1945 жылы елге оралып, енем Шая Қожахметқызымен отбасын құрады. Екеуінің өзара сыйластығы мен татулығы, бір-біріне деген құрметі шексіз еді. Жарасымды жұптың өнегелі өмірін балалары да үлгі етті. Соғыста бір қолынан айырылып келсе де, ол кісі бейбіт өмір тіршілігіне белсене араласты. 1950-1951 жылдары Преснов (қазіргі Жамбыл) ауданындағы Миролюбов кеңшарын құруға атсалысса, Ленин (қазіргі Бике) ауылында зейнетке шыққанша еңбек етті. Атамның ерлігі ескерусіз қалмады. Ол Хасан, Сталинград шайқастарына қатысқаны үшін және ерлігі үшін түрлі медальдармен марапатталды. Құдайға шүкір, атам тұғырлы Тәуелсіздік таңының шуағын көріп, 1995 жылы 81 жасында дүниеден озды. Ел құрметтеген қадірлі атамның өткен өмір жолы тағылымды. Өмірлік ұстанымы да адами қасиетін айқындап тұрушы еді. Атамның 4 ұл, 3 қызынан 20 немере, 32 шөбере бар. Бүгінде олардың барлығы әр салада жемісті еңбек етуде.
Ғалия ӨМІРБЕКОВА,
Петропавл қаласының тұрғыны.