«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АРДАГЕРЛЕРІМІЗ — АРДАҚТЫЛАРЫМЫЗ

Екінші дүниежүзілік соғыстың отты жылдары тарих қойнауына тереңдей берген сайын ел басына күн туғанда кеудесін оққа тосып, зұлым жауға жерімізді таптатпаған ерлердің бейнесі жарқырай түседі. Рейхстагтың төбесіне алқызыл Жеңіс туы қадалып, әлем еркін тыныстап, шаттыққа бөленген мамырдың сол күнінен бері, міне, біз жетпіс алтыншы бейбітшілік көктемін қарсы алғалы отырмыз. Алайда, сұм соғыстың қанша өмірді жалмағанын, адамзатқа қанша қасірет әкеліп, қанша үйдің ошағының отын сөндіргенін қалайша ұмытарсыз! Бүгінгі ұрпақ Жеңістің қандай қиыншылықпен, құрбандықпен келгенін көңіл түкпірінен өшірмеуі тиіс. Бұл – ел қорғаған ерлер алдындағы, майдан шебінен алыстағы ауылдарда кірпік ілмей еңбек етіп, бейбіт күнді жақындатқан аналар мен сол кездегі бұғанасы қатпаған балалар, бүгінгі қарттар алдындағы парызымыз. Қасық қаны қалғанша майдан даласында жан берісіп, жан алысқан әр азаматтың ерен ерлігі туралы бүгінгі ұрпаққа үлгі боларлық талай кітаптар жазылды, әлі де жазыла береді. Біз келешек ұрпақтың бейбіт өмір сүруі үшін оқ пен оттың ортасында жүріп, азаматтық борышын абыроймен атқарған әр жауынгерге қарыздармыз.

Аталарымыз айтқандай, “өткенсіз болашақ жоқ, бүгінсіз келешек жоқ”. Алапат соғыстағы халқымыздың ерлігі өткеніміздің бір жарқын беті ғана емес, өзіміздің тарихымыз бен мәдениетімізді ұлықтау арқылы, жас құрақтай өсіп келе жатқан жеткіншектерге адастырмас бағдар беретін мәні зор тәрбие құралы. Тау баласы тауға қарап өседі дегендей, Тәуелсіз еліміздің жастары да соғыс ардагерлерінің, тыл еңбеккерлерінің жүрген жолына қарап бой түзейді, шыңдалады, қанатын қатайтады. Отан үшін жаумен арпалысқан боздақтар мен жауынгерлердің, еңбек майданында шыныққан ардагерлердің ерлігі мен есімін ұлықтаудың да маңызы осында.

Ұлы ерлік ешқашан ұмытылмайды. Талай жанның өмірін қиған соғыс жүректерге терең жара салды. Бірі тірек болған арыстай азаматынан айырылса, енді бірі әкесіз қалды. Жалғызы майданнан оралмаған аналардың зары қалайша ұмытылмақ? “Қара қағаз” келгенде күңіренген шаңырақтың қайғысын тарих бетінен қалай сызып тастарсың?!

Бүгінгі ұрпаққа Жеңіс күнінің жемісін көруді, “қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған” бейбіт өмірде алаңсыз тіршілік етуді бұйыртты. 9 мамыр күні боздақтарды еске алып, ескерткіштеріне гүл шоқтарын қоятындардың арасында жастардың көп болуы да Отан үшін отқа түскендердің алдындағы парызымызды сезінуіміздің бір нышаны болса керек.

Уақыт ағымынан жүйрік не бар? Кешегі көз көрген ардагерлердің қатары сиреп келе жатқаны өкінішті. Қан майданда қолына қару алып, ел қорғауға аттанған жауынгерлер сұм соғыстың аяқталғанына 76 жыл өтсе де, өмірлерінің қайғылы, ең ауыр кезеңдерін қобалжу, мұңаю сезімімен еске алады. Өйткені, оқ пен оттың ортасынан оралған жандар соғыстың алапат қасіретін бастан кешті. Шейіт болған қыршын жастарды көрді.

Қазақстаннан Отан қорғауға 1 миллион 350 мың адам шақырылса, соның алты жүз мыңдайы елге оралмаған. Туған жерді жаудан қорғау қанымызға сіңген қасиет екенін қазақ жауынгерлері әлемге танытты.

Соғыстың алғашқы күндерінен-ақ басқыншыларды жанқиярлығымен таңғалдырған Брест қамалы қорғаушыларының жартысынан астамы қазақстандық болғанын бүгінгі ұрпақ білуі тиіс. Біліп қана қоймай, елін, жерін жаудан қорғаған ерлердің ерлігін өздеріне үлгі етсе, өмірлік ұстанымдарына айналдырса, бабалар рухы алдындағы өтелген парыз болар еді. Қазір біздің өңірімізде көзі тірі небәрі 27 соғыс ардагері бар. Соның 5-уі аудандарда тұрады. Тек мерекеде ғана емес, әр кез оларға басымызды иіп, құрмет көрсетуге тиіспіз. Облыста тұратын 105 мың зейнеткердің 5643-і тыл еңбеккері. Тылдағы қажырлы еңбегімен жеңісті шыңдаған аға буынның да қатары азайып барады. Биылғы 9 мамыр – Жеңіс мерекесі қарсаңында соғыс ардагерлерінің әрқайсысына бір миллион теңгеден беріледі. “Ленинградты қорғағаны үшін” медалі, “Қоршаудағы Ленинград тұрғыны” белгісімен марапатталғандар бірретік 60 мың теңге жәрдемақы алады. Өзге де санаттар бойынша көмектер көрсетіледі. Әрине, мұның бәрі жоғалғанның орнын толтырып, жан жарасын жаза алмайды.

Ұлы Отан соғысы жылдарында 500 қазақстандық жауынгер Кеңес Одағының Батыры атанды. Біздің өңірден соғысқа 90 мың-нан астам жауынгер қатысса, оның 45 мыңы сұрапыл соғыста қаза тапты. Қол-аяғын беріп, елге мүгедек болып оралғандар да аз емес. Сол себепті жылдағы дәстүр бойынша әр жерде там-тұмдап қалған ардагерлерге құрмет көрсетіледі. Бірақ пандемияға байланысты өткен жылы Жеңіс күні тойланбады. Өкінішке қарай, биыл да ауқымды мерекелік шараларды өткізуге шектеу қойылды. Бірақ ұрпаққа ұлағат ретінде аға буынның ерлік істері кеңінен дәріптеледі. Мейрамда ардагерлерді қуанту үшін олар тұратын аулаларда концерт өткізу жоспарда бар. Жалпы, қоғамда зейнеткерлер мен ардагерлерге жыл бойы көмек көрсетіледі. Олардың жағдайы әртүрлі. Көмек сұрап келетіндерге шама-шарқымыз келгенше жәрдем береміз. Жақында қайырымдылық сенбілігі өтті. Сенбіліктен түскен қаржы аға буынға көмек көрсетуге жұмсалады.

Үлкенге құрмет көрсету, ақсақалды ардақтау – ата-бабаларымыздан келе жатқан игі салтымыз. Кеудесі – қазына, сөзі – қасиет қарттар тек көмекке ғана емес, пейілге де зәру. “Жақсы сөз – жарым ырыс” дегендей, ардагерлерге тұрмыстық, материалдық көмек көрсетумен қатар, оларды қуанышқа бөлеп, жылы сөзімізді арнау артық емес.

Ескендір ЕЛЕУСІЗОВ,

облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp