
Солтүстік Қазақстан облысында сәуір айының басынан бері 31 адамды кене шаққан, олардың жартысына жуығы 14 жасқа дейінгі балалар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, биыл 31 адамды кене шақса, бұл өткен жылдың осы аралығымен салыстырғанда 36 %-ға төмен.
Дәрігерге қаралған олардан кене энцефалиті анықталмады.
«Кене энцефалиті қауіпті инфекциялық ауру. Орталық жүйке жүйесін зақымдайды. Иксодты кене шаққан жағдайда адам мүгедек болып, тіпті өліп кетуі де мүмкін. Ауру тек 2-10 күн аралығында ғана байқала бастайды. Дене қызуы 39-40 градусқа дейін күрт көтеріледі, бас ауырып, әлсіздік болады, дене бөртіп кетеді», — дейді СҚО СЭБД бөлімінің бас маманы Салтанат Бекқожина.
Мамандардың айтуынша, зиянды жәндіктен қорғанудың ең тиімді жолы — вакцина алу.
Екпе аңшылар мен балықшыларға, орман мен саяжайда еңбектенетін жандарға тегін салынады.
Биыл кене, маса-шыбынмен күресу үшін СҚО-да дезинсекциялық жұмыстарға 5 млн теңге бөлінді. Жұмыс сәуір айының соңында басталды.
Ал мамыр айында 689 га жер өңделмек.
Олар – Петропавлдағы саябақтар, Н.Погодин атындағы драма театры маңындағы және Черемушки шағын ауданындағы жасыл желектер, Мещан орманы, 19-20 ықшам аудан, Рабочий, Жұмысшы кенттеріндегі айналма жолдар, Ойқала және Былғары зауытындағы жол шетіндегі көлдер мен Новопавловка елді мекенінде орналасқан зират.
Сондай-ақ Айыртау ауданындағы демалыс орындары да зиянды жәндіктерге қарсы зарарсыздандырылады.
https://www.inform.kz/