Петропавл қаласына 1941 жылдың тамыз айында эвакуацияланған эшелондар келе бастады. Бір жыл ішінде ғана облыс орталығы 20 зауыт пен фабриканы, басқа да кәсіпорындарды қабылдап, орналастырды. Аз уақытта қорғаныс зауыттарының желісі құрылды. Олардың қатарында №239 (қазіргі “ЗИКСТО” АҚ), № 347 (ЗИМ), № 641 (“Киров атындағы зауыт” АҚ), №675 (Калинин атындағы зауыт), шағын литражды двигательдер зауыты, сондай-ақ жеңіл және тамақ өнеркәсібі кәсіпорындары бар.
* * *
Соғыс жылдары облыста 12 балалар үйі болды.
* * *
Жеңіс күнін жақындату үшін солтүстікқазақстандықтар майданға жеке жинақтарын табыстады. Соғыстың алғашқы екі жылында облыс еңбеккерлері қорғаныс қорына 29 миллион 574 мың рубль жинап берді. Ленин ауданындағы “Жаңалық”, Преснов ауданындағы “Баян” ұжымшарларының төрағалары Т.Темірбаев пен Қ.Үмітбаев қорғаныс қорына 190 мың рубль аударды. Жиналған қаржыға “Североказахстанский колхозник” танксі мен “Боевые подруги” ұшағы құрастырылды.
* * *
Облыс жұмысшылары, шаруалары мен зиялы қауым өкілдері отбасы қажетінен үнемдеп, қорғаныс қорына 204 мың пұт астық, 10248 пұт ет, 1220 пұт май, 116 мың пұт көкөніс өнімдері мен картоп жинап, жөнелтті.
* * *
Соғыстың алғашқы екі жылында облысымыздан ұрыс даласына 121770 жылы киім жіберілді. Соның ішінде 5 мың пима, 16 мың жылы және іш киім, 18 мың жұп қолғап, 20 мың бас киім мен жүннен тоқылған шұлық, 24 мыңға жуық шалбар бар.
* * *
Ауыл әйелдері ерекше батылдық пен қайсарлық танытты. Соғыстың алғашқы айларынан бастап олар ерлердің ең ауыр жұмыстарын істеді. Трактор мен комбайн жүргізіп, мал бағып, егін жинады. Облыста алғашқы әйелдер трактор бригадасы құрылып, оны В.Бондарева басқарды. Көптеген әйелдер керемет нәтижелерге қол жеткізді. Мәселен, Чистянская МТС комбайншысы Мария Приходько 630 гектар алқаптың егінін орды.
* * *
1944 жылы “Ленин туы” газетінің (қазіргі “Soltústık Qazaqstan” газеті) редакция ұжымы жерлес-майдангерлердің құрметіне очерктер мен өлеңдер жинағын шығарды. Бұл шағын жинақты майдандағы солтүстікқазақстандықтар жылы қабылдады. Редакцияға жауынгерлер мен офицерлердің ұрыс даласынан жолдаған хаттары толассыз келіп жатты.
(Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архиві берген мәліметтер негізінде әзірленді).