Тасқыннан зардап шеккен Петропавл маңындағы саяжай иелеріне 43 миллион теңге көлемінде көмек көрсетіледі. Бұл қаражатты “Қазақстанның Қызыл Жарты ай” қоғамы, Болат Өтемұратов қоры және “Fortebank” бөліп отыр. Жуырда ғана “Қызыл Жарты ай” қоғамының өкілдері тасқын болған аумақтарды аралап, саяжай иелерімен кездескен болатын. Үйлері айтарлықтай зақымданған көпбалалы, толық емес отбасыларға және жағызілікті зейнеткерлер мен мүгедектерге жәрдемақы берілетін болды. Петропавлда үйіне су кірген 224 отбасы бар. Онда 861 адам тұрып жатыр. Белгіленген тәртіп бойынша отбасының әр мүшесіне шотында 50 мың теңгесі бар карточка беріледі. Ол ақшаны иелері өз қалауынша жұмсай алады.
Мұндай көмек 2018 жылғы тасқыннан кейін көрсетіле бастады. Осы уақыт аралығында техногендік сипаттағы апаттан зардап шеккен 8 мыңнан астам адамға 300 миллион теңгедей көмек берілген.
Сағындық МАУҒАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.